Қазақстандықтардың коронавирус індетін жұқтырғаны туралы ақпарат ресми хабарланған соң тұрғындардың алаңдаушылығы артты. Бұған дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығына тәулігіне 1500–2000 қоңырау шалынса, енді оның саны 3 есеге артты.
Қазір ел тұрғындары мен дәрігерлерді қолдау мақсатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс жасауда. Олар 1406 байланыс орталығы бойынша вирустың алдын алу және қорғану шаралары туралы кеңес береді. Сондай-ақ операторлар қандай белгілерге назар аударып, анализдерді тапсыратын орындарды баяндайды.
Филиал директоры медициналық қызмет сапасын мониторингтеу бөлімінің қызметкерлерін жинап, «1406 телефоны» бойынша кезекшілік ететіндерін айтқан кезде, жауапкершілікті сезінген мамандардың жүзінен қобалжу байқалды. Десе де, білікті дәрігерлер үшін кезекшілік түсінігі жете таныс.
Филиал мамандары 19 наурызда тапсырма алысымен, сол күні түсен кейін жұмысқа білек сыбана кірісті.
Бұл еліміздің екі астанасында карантин енді енгізілген кез еді. Еліміздің әр жерінен көңілдеріне қорқыныш ұялаған азаматтардың қоңыраулары толастамады. Адамдарды көбіне ұшақ пен поездардың кестесі, көлік қатынасына байланысты сауалдар мазалады.
Бұдан бөлек, коронавирус белгілері мен қайда тексерілуге болатыны жайлы сауалдар толассыз қойылды. Мысал ретінде айтып өтер болсам, Ж.К.Мұсабекованың пациентке қанша күн дене қызуы болғаны, жөтел бар ма, жоқ па деген сауалдар қойып, бұның тұмау белгілері екенін айтып, үрейін сейілткеніне куә болдық.
А.К. Темірбаева байланыс орталығы бойынша 82 жастағы алматылықтың қазір моншаға баруға болар-болмасын сұрағанын айтты. Әлия Кенетайқызы қарияға әзірше үйден шықпай, пәтердегі ваннаға түсуге кеңес берген.
Сонымен бірге, Г.З Жанығұлова мен Б.Қ.Асамбаеваның медициналық сақтандыру бойынша төлем жасау тәртібі мен бірыңғай жиынтық төлем туралы толыққанды ақпарат беруде.
Демалыс және мереке күндері әріптестерін А.М. Ахметжанова мен Л.М. Смердова алмастырады.
Бүгінде шалғай жерлерден үйлеріне жеткен және қашықтықтан жұмыс жасайтын азаматтар хабарласуда. Мәжбүрлі түрде демалысқа шыққандарды жәрдемақы жағы қызықтырса, оқушылар мен студенттер қашықтықтан оқу туралы сұрақтар көп қоюда. Барлық сұрақтарға толыққанды жауап берілуде.
Барлық жауапкершілікті мойындарына алып, тұрғындардың жанұшыра жауап іздеген сауалдарына тез әрі толыққанды жауап беріп жүрген әріптестерімізге айтар алғысымыз шексіз.
Алма МҰҚАТОВА
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Павлодар облысы бойынша филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің басшысы