№3 Павлодар қалалық ауруханасы қазан айы бойы алдыңғы толқын – аға буын өкілдеріне қамқорлықтарын аямауда. Ет бауыр жақын ұжымда еңбек ардагерлеріне ерекше ықылас көрсетілді. Қарт адамдарға құрмет білдіру себепті өткен кездесу мерекесі барлығы үшін естен кетпестей болды.
Шынымен де биыл аурухананың әкімшілігі пен кәсіподақ комитеті салтанатты жиынды есте қалатындай етіп мерекелеуге бар ынта-жігерлерін салған. Аурухананың жастары құшақ-құшақ гүлдермен қарттарды босағадан қарсы алып, әдемі безендірілген залдың төріне өткізіп, дәмге толы дастархан басына жайғастарды.
№3 ПҚА бас дәрігері Мәрлен Нариманұлы Ахметов бір кездердегі әріптестеріне аурухананың өткен, осы, келер шақтарынан сыр шертіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Қабылдау бөлімшесінің және зертхананың қызметкерлері бейнеттің зейнетін көріп отырған адамдарға тамаша концерт арнады.
Бір шыныаяқ хош иісті шай ішіп отырып, еркін әңгіме-дүкен құрған ата-әжелеріміз сүйікті әндерін қосыла айтып, жүздесуді мәнді етті. Мерекелі дастархан басынан кеткісі жоқ ата-әжелеріміз бірін-бірі көріп мәз-мейрам болысты. Барлығы 111 ардагерлердің атынан алғыс сөз айта шыққан физиотерапевт Надежда Ивановна Черкасова жиналған қауымға жүрекжарды тілегін арнады. Ең бастысы «пейілі даладай, қылығы баладай» қарттарға көрсетілген ілтипат пен аялы алақан адамнан қайтпаса да, Алладан қайтатыны тілге тиек болды.
К. Апаев