Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында №3 Қалалық ауруханада мерекелік салтанат өтті. Қазақ сазгерлерінің әуені қалықтаған әсем безендірілген мәжіліс залына медицина қызметкерлері – дәрігерлер, мейірбикелер, кіші буын медицина қызметкерлері келді.
Шара ұйымдастырушылары – ота блогының ұжымы мейрамды бар жауапкершілікпен дайындаған. Шараны екі тілде жүргізген қос жүргізуші Тұңғыш Президенттің өмірінің елеулі сәттерімен таныстырып өтті. Осының барлығы фильмнің көрсетілуімен, слайдтармен, Нұрсұлтан Әбішұлының отбасылық альбомындағы сирек суреттермен сүйемелденді. Экраннан көз алдымызда Ұлт Көшбасшысының жылдар бойғы қалыптасуы бір сәтте өте шықты.
Салатанттың сценарийі концерттік нөмірлермен алмастырылып отыруымен сәтті болды. Барлық медицина қызметкерлерін мерекемен №3 ПҚА бас дәрігерінің орынбасары Алтай Құжатұлы Сыздықов құттықтап, ізгі тілегін арнады. Ең қызығы, 30 қарашада алдымен таңертен Елбасының халыққа Жолдауын тыңдаған жұрт, түстен кейін Президенттің құрметіне арналған мерекелік шараны тамашалады.
Негізі, Қазақстандағы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні болып бекітілуі Н. Назарбаевтың зор еңбегін бағалау мақсатында ойластырылды. Бұл күні біз бейбітшіліктің қаншалықты қымбат та нәзік екендігін жете түсінеміз, қарап тұрсақ барлық жерде соғы, соқтығыстар, лаңкестік әрекеттер. Қолда бар бейбітшілік құсын ұшырып алмауға барынша тырысуымыз қажет. Елбасының бейбітшіл саясаты елдегі тыныштықтың, бейбітшілік пен татулықтың кепілі. №3 ПҚА-ның ота блогы ұжымымен дайындалған мейрам осындай сипатта өтті.
К. Апаев