контакт: 8(7182)643896 bsmp@inbox.ru
адрес: Павлодар қаласы, Батурин көш., строение 4/1
№3 ПҚА эндокринологиялық бөлімшесіндегі түсірілім
17-01-2016 04:11
№3 ПҚА эндокринологиялық бөлімшесіндегі түсірілім

Жуырда №3 Павлодар қалалық ауруханасында «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы редакциясының бағдарламалар түсірілім тобы эндокринология бөлімшесінің жұмыс барысын түсіріп кетті. Айтар болсақ, «Салауатты сана» бағдарламасы эфирге сәрсенбінің сәтті күнінде, нақты 2016 жылғы 20 қаңтарда шығады.

 

Эндокринологиялық ауытқулары бар науқастарға қызмет көрсететін облысымыздың бірі де бірегейі – ол, осы эндокринологиялық бөлімше болып табылады. Ауылдар мен қалалардың тұрғындарына жоспарлы және тәулік бойғы шұғыл медициналық көмек көрсететін осы бір бөлімше жөніндегі 10 минуттық бағдарлама мемлекеттік тілде жүргізіліп, осындағы ақ халатты абзал жандардың аялы алақандары мен кәсібиліктері тақырыпқа арқау болды.

Әріптестерінің жасап жатқан адал ісін сөзге қосып, таныстыруды жөн санаған бөлімше меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас эндокринологы, эндокринолог дәрігерлердің Европалық және Америкалық Қауымдастығының мүшесі Гүлнәр Қадыргелдықызы Мейрамова «аз болса да саз» демекші, шектеулі уақыт ішінде бәрін егжей-тегжейлі айтып берді.

Әсіресе, түсірілім Диабеттік ақпараттық-аналитикалық орталық пен «Диабет мектебі» кабинетінде ойлы да қажетті мәліметтердің молшылығымен сәтті өтті. Бұл жерде нұсқаушы Татьяна Королева қант диабетімен науқастанған адамдарды бұл сырқатпен қалай өмір сүру керектігіне: емдәм терапияға, өзін-өзі бақылауға және инсулин терапиясына машықтандырып, үйрететінін айта кету керек.

Түсірілімге бөлімшеде ем қабылдап жатқан емделушілер де белсенді қатысып, білген-түйгендерімен бөлісті. Сонымен, бар қызықты айтып тастамай, сіздерді «Қазақстан-Павлодар» телеарнасындағы «Салауатты сана» бағдарламасын тамашалауға шақырғанымыз жөн-ақ. Сөз соңында, «Көріңіздер, қызық қой, қызық жерін сызып қой» демекшіміз. 

К. Апаев