№3 Павлодар қалалық ауруханасында этика мен деонтология бойынша мейірбикелік конференция өтті. Семинарды ұйымдастырған терапия бөлімшесінің ұжымы тақырып бойынша материалдардың сапалы дайындалуына жауапкершілікпен қарағандарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Медициналық этика мен деонтология – медициналық қызметкердің өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезіндегі этикалық пен адамгершілік өнегесінің жиынтығы. Үшінші қалалық ауруханада өткен конференцияда медициналық көмек көрсетудегі мейірімділік, дербестік, әділеттілік қағидаттары қарастырылды.
Шарада әріптестер арасындағы өзара қарым-қатынас талқыланды. Сонымен қатар «мейірбике мен емделушінің туған-туыстары», «мейірбике мен дәрігер», «мейірбике мен хал үстіндегі емделуші» арасындағы қатынас назардан тыс қалмады.
Медициналық қызметкердің үстіндегі ақ халатын кір шалмайды. Себебі, олар өзінің мейірбан жүрегімен, аялы алақанымен тек жақсылыққа жетелейді. Денге саулық, жанға дауа сыйлайтын да осы ақ халатты абзал жандар. Этика мен деонтология бойынша мейірбике өзінің жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігі айқындаған стандарттарға лайық болуға тиісті. Конференция қатысушылары осы және басқа да жайттар туралы айтып, тақырыпты өрбітті.
Р. Апаева