Медицина саласында әйелдер қауымы басым – бұл ешкім де жоққа шығара алмайтын факті. Мысалға, №3 Павлодар қалалық ауруханасын алар болсақ...
Үшінші ауруханада үш жүзден астам ақ халатты абзал жандар еңбек етуде, олар – дәрігерлер, мейірбикелер, кіші буын медицина қызметкерлері.
Дәл осы жандар үшін меңгеруші А.Т. Ерғазинованың жетекшілігімен неврологиялық науқастарды нейро оңалту бөлімшесі дайындаған мерекелік концерт өтті. Ұжымды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен бас дәрігердің орынбасары А.Қ. Сыздықов құттықтады. Ең ізгі тілекпен сөзін бастаған Алтай Құжатұлы «бір қолмен бесікті тербетіп, екінші қолмен әлемді тербеткен» әйелдерге қандай мақтау айтса да, лайық деді.
Осы адамдардың күнде жан үшін, өмір үшін саулық үшін күрескер атанғандарын түсіне отырып, қызығы мен шыжығы мол бұл жолда тек қана жеңіске жететіндігіне бас ию қажет деген жалынды сөздер, тек ақ халаттарын кір шалмаған әйел затына арналды. Мерекелік концерт жүргізушілері, дәрігерлер мен мейірбикелер жыр оқып, ән айтып, тіпті, көңілді ән ырғағымен би де билеп берді. Айтпақшы, жуырда аурухана музыкалық орталық сатып алған болатын, ендігі, барлық мерекелік іс-шаралар тамаша өтетіні сөзсіз.
Мейрам алдында біраз мезгіл бұрын аурухана қызметкерлер балалары арасында балалардың қолдан жасалған бұйымы сайысы жарияланған болатын. Сайыс шарты бойынша, мұнда 3 жастан 14 жасқа дейінгі жеткіншектер қатысуы керек еді. Ұйымдастырушылар аналарға, әжелерге, әпке-сіңлілерге деген махаббат, сондай-ақ, көктемнің жаңғыруы тақырыбында барлығы 34 жұмысты қабылдады. Конкурстың басты ерекшелігі әділ қазы алқасының тосын шешімі болды, олар «бөлінгенді бөрі жейді» дегенді білді ме екен, әйтеуір ешкімге бөле-жара қарамай, барлық қатысушы балақайларға сыйлық сыйлап, мәз қылды.
Әріптестері үшін де, бауыр еті балалары үшін де салтанатты шара ұйымдастыру қабілеттеріне алғыс айтпауға болмайды. Дәл осындай көтеріңкі көңіл күй – сүйікті жұмыс үшін жаңа серпін болары анық.
К. Апаев