№3 Павлодар қалалық ауруханасының бөлімшелерінде темекіге қарсы акциялар болып өтті. Аурухананың госпитальді эпидемиологы Л.С. Каримова хирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатқан адамдар арасында насихат жұмысын жүргізді. Шылым шегудің зияндылығы туралы аз-маз әңгімеден кейін, фильм көрсетілді. Емін-еркін отырыс қатысушыларға өздерінің өкінішті жағдайларын айтып, шер тарқатуға мүмкіндік берді. Көбісі көптен бері шылым шегетіндердің қатарынан екен, содан келетін зиянды да жасырмады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бір шылымнан кейінгі кеудедегі ауырсынуларды, булығып қалған кездерін, көк жөтелдің де пайда болғандығын айта кеткен акция қатысушылары, қазір темекі тартуды қоятын жолды іздеуде. Өз бастарынан өткен мысалдар жан түршіктіреді екен. Лекциялар, әңгімелер бөлімшеде ғана емес, сонымен қатар, №3 ПҚА дәрігерлік құрамы арасында да өтті. Және де госпитальді эпидемиолог: - Қазақстанда қоғамдық орындарда темекі шегуге және 21 жасқа толмағандарға алкогольді сатуға және оны сол жастағы адамдарға тұтынуға тыйым салынды- деп, әр адамның білуі қажетті ескертпені тағы бір мәрте еске салуды жөн көрді. Заңға сәйкес, аталмыш тыйым білім беру, денсаулық сақтау, мұражайлар, кинотеатрлар, спорттық залдар, түнгі клубтар және дискотекалар ұйымдарына қатысты екен. Сондай-ақ, темекіні тұрғын үй подъездері мен үй-жайларында тартуға тыйым салынған. Аэропорттар және вокзал ғимараттарында арнайы белгіленген орындарда шылым шегуге болады екен. 18 жасқа толмаған жас адамдарға темекі сатуға болмайтындығы ҚР Заңымен қарастырылған. Темекі затының құрамы туралы жалған ақпарат үшін де жауапкершілік енгізілген. Темекінің соншалықты зияндылығын білген акция қатысушылары шылымға деген көзқарастарының дұрыс емес екендігін сол темекіні сындырып, қоқыс тастайтын жерге лақтыру арқылы көрсетті.
К. Апаев