Медициналық ұйымдардың СӨС координаттары үшін ұйымдастырылған облыстық семинарда «Вирустық гепатитті алдын алу» тақырыбын №3 ПҚА эпидемиолог дәрігері Л.С. Каримова өрбітті. Дәрігер Л.С. Каримова вирустық гепатит бойынша дайындалған бейнематериалдарды «әлқисса» етті. Соңғы жылдарда белгілі бір тақырыпты осындай үлгіде ашу тыңдаушыға анағұрлым қызықты да танымды болатынын тәжірибе көрсетіп келеді. Шынтуайтына келгенде, «мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген нақыл бұл мәселеде дәл тауып айтылғандай. Жиналған қауым айтылған барлық сөздерге құлақ асып, белсенділік таныта бастады. Вирустық гепатит – ол, жұқпа ауруларының бір тобы. Оның ең қауіптісі В мен С түрі болмақ. Гепатиттің аталмыш түрлерінің және АИТВ-жұқпасының жұғу жолдары ортақ. Сол себепті де, қауіп-қатерден сақтанбаған адам осы жұқпалардың барлығын жұқтырып алуы әбден мүмкін. Ішімдікті ұзақ уақыт қабылдаған жағдайда, бауырдың бір бөлігін тыртық тін алмастырады. Бұл бауырдың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Алкогольдан басқа, кейбір есірткі заттар да бауырдың жұмысына теріс әсер тигізеді. Сол сияқты кейбір сырқаттар мен жұқпаларды, сондай-ақ, АИТВ-жұқпасын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер де бауырдың зақымдануына әкеліп, адам дәрілік гепатитке шалдығуы мүмкін. Слайд түрінде берілген тақырыпты ашу материалы медициналық қызметкерлерге арналып, түсіндірме жағынан өте қызықты болды. Шара соңында дәрігер СӨС координаттары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көпшілік бұл жиыннан көп мағлұмат алып шықты. Семинар қатысушыларының күткендері орындалды: өйткені, гепатит ауруын алдын алу әлеуметтік маңыздылығы әлі де күрделі.
Роза Апаева