30 қыркүйек күні №3 Павлодар қалалық ауруханада Халықаралық Қарттар күніне орай салтанатты шара болып өтті. Соған байланысты мекеменің мәжіліс залы әдемі безендіріліп, әсем әнмен көңілді шалқытты. Жастық шақтарын осы аймақтың денсаулық сақтау саласына арнап, дәл осы ауруханада көп жыл еңбек еткен зейнеткерлерді жастар жағы босағадан қарсы алып, төр көрсетті. №3 ПҚА үшін дәстүрге айналған бұл мереке барысы ерекше өрбіді. Медициналық қызметкерлермен дайындалған концерт жиналған қауымның барлығының да жүрегін елжіретті. Шырқалған әуезді әуенмен өткен шақтарын еске алған қарттар өздеріне жаудырылған мың тілектен және айтылған өлең шумақтарынан одан сайын жадырай түсті. Әрине, олар үшін жылы сөз де жанға дәру. Аурухананың басшысы Мәрлен Нариманұлы Ахметовтың еңбек ардагерлеріне қарата айтқан ең ыстық сөздері мейрам себепкерлерін тіпті, жадыратты. Аға буынның ісі сенімді қолда екендігіне сендірген бас дәрігер барлық қарияларға зор денсаулық пен құт-береке тіледі. Жайылған ақ дастарханда көңіл қалағанның бәрі болды: жеміс-жидек дейсіз бе, тәтті-дәмді дейсіз бе, тіпті, құмыраға салынған гүлдің өзі мерекелік көңіл күйді көтере түсті. Бұл мереке – өткен шаққа оралып, бір кездері бір еңбек жолында бірге еңбектенген дос-құрбылармен кездесудің таптырмас мүмкіндігі. Дәл осы күні дәрігерлер, мейірбикелер және кіші буын медициналық қызметкерлер еңбегінің зейнетін көріп жатқан жандарға барынша қамқорлық жасауға тырысып бақты.
Роза Апаева