контакт: 8(71832)21531 irt_pol@mail.ru
адрес: Ертіс ауданы, Қожаберген батыр көшесі,15
Павлодар облысында 100 мың адам толық вакцинациядан өтті
16-07-2021 21:29
Павлодар облысында 100 мың адам толық вакцинациядан өтті

Павлодар облысында 100 мың адам толық вакцинациядан өтті

Бұл жаңалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы мекемелерінің стратегиялық дамыту және инновациялық технологиялар бөлім бастығы міндетін атқарушы Ерғалы Асылбектің айтуынша, өңірімізде коронавирусқа қарсы вакцинаның 1-компонентін 199 912 адам, екіншісін – 104 628 адам қабылдаған.
 

- Қыркүйекке дейін облыс халқының 60 процентін COVID-19-дан егу бойынша межені орындайтынымызға үміт бар. Ол үшін түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде халықтың 13 проценті толығымен вакцинацияланды, - деді ол.


Павлодар облысында барлығы 760 мың адам тұрып жатқанын ескерсек, 13% - шамамен 99 мың адам екендігін анықтауға болады.

Облыста қолданыста болған төрт вакцинаның ресейлік препараты ғана бар. Бүгінде «Спутник V» вакцинасының 30 мың дозасы, «QazVac»-тың 100 ғана дозасы қалған. Соңғы кездері зор сұранысқа ие «Hayat-Vax» аяқталған және қайтадан жеткізілуі екіталай, дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Басқарма басшысы Айдар Ситқазинов атап өткендей, вакцинациялау пунктілері демалыс және мереке күндері жұмысын жалғастырады. Әрбір емхана жанында кемінде екі пункт ашық болады. Жылжымалы автобустар болса, олардың қаладағы жұмысы аяқталып, бұл пунктер аудандарға жөнелтілді.

Айта кетейік, соңғы күндері Павлодар облысы мен жалпы еліміздегі эпидемиялық жағдай нашарлаған. Соның салдарынан ауруханаларында қосымша төсек орындарын ашу көзделуде.

Айбек Жұматов
Фото: Константин Шелков