Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова республикадағы эпидемиологиялық жағдай және үнді штаммының таралу жағдайы туралы айтты. Бүкіл әлемде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы Дельта штаммының таралуына байланысты. Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бастап қызыл аймақта орналасқан. Қызыл аймақта 13 өңір бар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. «Дельта штаммының таралуын ескере отырып, соңғы екі аптада алдыңғы екі аптамен салыстырғанда республика бойынша барлық өңірлерде аурудың өсуі байқалады. Сырқаттанушылықтың өсуі 2,3 есе болды, сырқаттанушылықтың барынша өсуі Маңғыстау облысында, Шымкент қаласында, Атырау және Ақмола облыстарында байқалады», - деді А.Есмағамбетова. Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық 4,4 есе өсті. Төсек қорының күнделікті мониторингіне сәйкес өңірлер бөлінісінде ағымдағы жылғы 16 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектердің қамтылуы 46%-ды, реанимациялық төсектер 36%-ды құрайды. Сонымен қатар халықтың тестілеуге қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні COVID-19 диагностикасы үшін тәулігіне жалпы қуаты 120 мың зерттеу болатын 157 зертхана мен 66 биологиялық материал алу пункті тартылған. Бүгінгі күні тестілеумен қамтамасыз ету тәулігіне 6 мыңнан 67 мыңға дейін артты. СЭБК төрағасы сондай-ақ сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Бас мемлекеттік дәрігердің қаулысымен қызмет көрсету саласы жұмыскерлерін вакцинациялау мерзімдері бекітілгенін еске салды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, шағын және орта бизнес жұмыскерлерін бірінші компонентпен вакцинациялау мерзімі 2021 жылғы 15 шілдеден 10 тамызға дейін, ал екінші компонентпен вакцинациялау мерзімі 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін өзгертілді», - деп атап өтті А.Есмағамбетова. Ashyq қосымшасы арқылы карантин режимін бұзушыларды анықтау жалғасуда. Тек соңғы аптада 4 000 адам анықталды, ал қосымшаны енгізген сәттен бастап – шамамен 16 000 бұзушы, оның ішінде ПТР тестінің оң нәтижесі бар 8 272 науқас және 7 272 байланыста болған адам анықталды. «Тағы да еске салғым келеді, егер сізде ПТР тесті оң болса немесе науқаспен тығыз байланыста болсаңыз, онда сіз үй карантинінде болуыңыз керек, өйткені сіз айналаңыздағы адамдарға қауіп төндіресіз және халықтан саналылық танытып, өзін-өзі тәрбиелеуді сұраймын», - деп атап өтті СЭБК төрағасы. Республикада халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның 7,3 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1 компонентпен 4 776 755 адам егілді, бұл тиісті халықтың 48,2%-ын құрайды. Екінші компонентпен 2 661 833 адам егілді. Егу пункттерінде шамамен 570 мың бірінші компонент және 1 млн 280 мың екінші компонент бар.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі @ Барлық құқықтар қорғалған