Бүкіл әлем маймыл шешегінің таралуына байланысты алаңдаушылық білдіруде.
Қазақстанда осы инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Бүгінгі таңда жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады.
Жазғы демалыстар мен каникул кезеңі жақындап келеді, сондықтан бірнеше қарапайым, бірақ маңызды ұсынымдарды сақтауларыңыз керек.
Біріншіден, Батыс Африка елдеріне барудан бас тартқан дұрыс, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, жыл басынан бері 1,2 мың маймыл шешегі ауруы тіркелген, 58 адам аурудан қайтыс болған.
Екіншіден, шет елдерге барған жағдайда жабайы жануарлармен кез – келген байланыстарды болдырмаңыздар, халық көп жиналатын жерлерден аулақ болыңыздар, егер бару керек болса, қолды сабынмен жуу және антисептик қолдану, маска кию сияқты жеке гигиена ережелерін сақтауларыңыз керек.
Үшіншіден, егер үйге оралғаннан кейін үш апта ішінде өзіңізді жайсыз сезінсеңіздер: температура, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бөртпе пайда болса, онда шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлап, тез арада жақын жердегі медициналық ұйымға барыңыздар.
Маймыл шешегі - сирек кездесетін жұқпалы ауру, ол Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездеседі. Оның белгілері - жүрек айну, температура, бөртпе, қышу, сонымен қатар бұлшықет ауыруы. Вирус жақын және ұзақ байланыстар арқылы таралады, бірақ оның вируленттілігі жоғары емес.
20 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің бірқатар елдерінде маймыл шешегінің өршуіне байланысты сарапшылардың шұғыл отырысын шақыру туралы жариялады. Деректер бойынша, 2016 жылдан бастап ауру 20 есе артқан. Әлемде Африка елдерінен басқа, осы ауруды жұқтырудың 100-ден астам жағдайы тіркелген. Оның инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін, ал ұзақтығы - 2-3 апта.