контакт: 8(71833)22891 darina.toyendykova@bk.ru
адрес: Тереңкөл а, Тәуелсіздік 88.
КЕНЕ ШАҒУЫНАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ ЖӘНЕ КЕНЕ ЭНЦЕФАЛИТІ ТУРАЛЫ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?
10-04-2026 12:11
КЕНЕ ШАҒУЫНАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ ЖӘНЕ КЕНЕ ЭНЦЕФАЛИТІ ТУРАЛЫ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?



Көктем мезгілінің басталуымен Қазақстанда кенелердің белсенділік кезеңі басталады. Қазіргі таңда кене шағуына байланысты 478 адам дәрігерлерге жүгінген, алайда кене энцефалиті жағдайлары тіркелген жоқ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мынаны ескертеді: қарапайым алдын алу шаралары ауыр салдардың алдын алуға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.

Күннің жылынуына байланысты, әсіресе табиғат аясында кенелерге тап болу қаупі артады. Қазақстанда жұқтыру қаупі жоғары 7 эндемиялық өңір анықталған: Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Абай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген аудандары.

Кене энцефалиті — кененің шағуы арқылы берілетін вирустық ауру, ол ми мен жұлынды зақымдауы мүмкін. Ауыр жағдайларда бұл дерт күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал, сондықтан дер кезінде қорғану шараларын қабылдау маңызды.

Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты:

​•​ауру жағдайлары тіркелмеген;
​•​кене шағуына байланысты 478 адам медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 232-сі — балалар;
​•​зардап шеккендердің басым бөлігі (97%) қажетті профилактикалық көмек алған.

Елде маусымға дайындық алдын ала жүргізілуде:

​•​қауіп топтарын вакцинациялау жалғасуда (5 845 адам егілді);
​•​вакциналар мен иммуноглобулиннің жеткілікті қоры бар;
​•​Алматы, Алматы және Жетісу облыстарында кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды.

Кене шағуының профилактикасы шаралары қарапайым әрі қолжетімді:

​- Вакцинациялау — ең сенімді қорғаныс тәсілі (алдын ала жоспарлаған жөн);
​- Киім — жабық, ашық түсті, жеңі тығыз манжеталы болуы тиіс;
​- Репелленттер — кенелерге қарсы арнайы құралдарды пайдалану;
​- Табиғаттағы мінез-құлық — биік шөптерден аулақ болу, өзіңізді және балаларды үнемі тексеріп отыру;
​- Қауіпсіз тамақтану — сүтті міндетті түрде қайнатып ішу.