Жыл сайын 17 мамырда бүкіл әлемде Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні атап өтіледі. Оның мақсаты – халықтың артериялық қысымның жоғарылауының қауіптері, инфаркт, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлары асқынуларының алдын алу туралы хабардарлығын арттыру.
Артериялық гипертония әлем бойынша мерзімінен бұрын болатын өлімнің, мүгедектіктің және созылмалы аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Артериялық қысымның жоғары болуы миокард инфарктінің, инсульттің, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің, созылмалы бүйрек ауруының және тамырлық деменцияның негізгі қауіп факторларының бірі саналады.
Гипертонияның қауіптілігі – ауру ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан оны жиі «үнсіз өлтіруші» деп атайды. Осыған байланысты артериялық қысымды бақылау бүгінде қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік бейінінің деректеріне сәйкес Қазақстандағы ересек тұрғындардың арасында артериялық гипертонияның таралу деңгейі шамамен 42%-ға жетеді, яғни елдегі әрбір екінші ересек адамның артериялық қысымы жоғары.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда артериялық гипертония диагнозымен 1 776 876 пациент диспансерлік есепте тұрған. Бұл мәселенің ауқымын және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің жоғары екенін қосымша көрсетеді.
Елімізде қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтау бойынша кешенді шаралар жалғасуда. Скринингтік бағдарламалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде артериялық гипертонияны анықтау мен уақтылы диагностикалаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
МӘМС шеңберінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі де маңызды рөл атқарады. Ол артериялық гипертониясы бар пациенттерді қолжетімді дәрілік терапиямен және тұрақты диспансерлік бақылаумен қамтамасыз етеді.
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя