Туберкулездің «спецификалық профилактикасы» деген ұғым туберкулезге қарсы екпе жүргізуді, яғни БЦЖ вакцинасымен (туберкулезге қарсы вакцина) белсенді иммундауды білдіреді.
БЦЖ вакцинасы тері ішіне салуға арналған, лиофильді кептірілген БЦЖ вакциналық штамының тірі әлсіретілген патогенді емес туберкулез микобактерияларының (МБТ) препаратынан тұрады. БЦЖ вакцинасы әлі күнге дейін бүкіл әлемде негізгі вакциналық препарат ретінде танылады.
Вакцина кептірілген кеуекті ақ ұнтақ массасы немесе ақ/ақ сары түсті таблетка түрінде болады. Вакцинаға стандартты – мөлдір, түссіз, бөгде қоспалары жоқ еріткіш қоса беріледі. БЦЖ вакцинасы тірі топқа жататындығын ескере отырып, оны ерекше жағдайда – тоңазытқышта +5…+8С температурада қараңғы жерде немесе арнайы құрғақ қараңғы үй-жайда сақтау керек. Сақтау ережелерін бұзу вакцинадағы тіршілік етуге қабілетті дарақтардың азаюына, демек оның белсенділігінің төмендеуіне әкеледі.
Вакцинациялауды жаңа туған дені сау, ай-күні жеткен сәбилерге өмірінің 1-4 күнінде және шала туған сәбилерге олардың дене салмағы 2,0 кг-ға жеткен кезде педиатрдың қарап-тексеруінен кейін, баланың ауру тарихында вакцинациялауға рұқсатты ресімдей отырып, баланың анасы қасында болғанда және жазбаша келісім беруі арқылы жүргізеді.