Қауіп тек демалыс орындарында емес, балалар алаңында, жолда немесе қоғамдық орындарда да болады. Сондықтан кей ұсыныстарды ескерген дұрыс:
- Балаға күн тиіп қалмас үшін жаздың ыстық күндері міндетті түрде бас киім кигізу керек;
- Баланың тамақ ішер алдында қол жууды әдетке айналдыруын қадағалаңыз;
- Жаз мезгілінде тамақтан уланып қалу қаупі артатындықтан, жемістер мен көкөністердің балғын болуын қадағалап, жақсылап жуыңыз;
- Баланы бағдаршамнан өтуге үйретіп, автомобиль тигізуі мүмкін қауіп туралы түсіндіріп айтыңыз;
- Балаға ойнау алаңында өзін қалай ұстау керектігін айтыңыз. Соның ішінде, әткеншекке жанынан келу керектігін түсіндіріңіз;
- Баланы жазғы кездегі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстыру керек. Ересек адамсыз от жақпауын өтініп, оның жылдам тарайтындығын айтыңыз.
Жазда судағы қауіпсіздік ережесі
Отбасылардың барлығы ыстық күндері балаларымен бірге суға шомылуға барады. Ересектер де, балалар да рақаттана суға түсіп, күнге күйіп, таза ауамен демалады. Суға шомылуға барарда мына ережелерді ескерген жөн:
- Балаға сіздің қарауыңызсыз тіпті, үрлемелі дөңгелектер мен матраста болса да суға түсуіне рұқсат бермеңіз;
- Кішкентай баланы суға тек жүзгіш жилетпен немесе жеңдікпен жіберіңіз;
- Балаларға суда тығылатын немесе бір-бірін батыратын ойын ойнауына рұқсат бермеңіз. Оның орнына қуыспақты да, тығылыспақты да жағажайда ойнауларын өтініңіз;
- Күн қатты ысып кетсе, баланың терісі күйіп кетпес үшін арнайы күннен қорғайтын құрал жағып қойыңыз.
- Салқын тиіп қалмас үшін баланың суда болған уақытын бақылаңыз;
Жазда табиғаттағы қауіпсіздік ережесі
Егер отбасыңызбен табиғатқа (орман, саябақ) шықсаңыз, мына ережелерді есте сақтаңыз:
- Мұндай жерлерде әдетте, кене көп болып келеді. Сондықтан балаға жабық шалбар мен жабық аяқ киім кигізген жөн. Шалбар балағын шұлыққа салып қойыңыз;
- Балаға ормандағы таныс емес саңырауқұлақтар мен жидектерді жеуге болмайтындығын түсіндіріңіз. Олар улы болуы мүмкін;
- Сона, ара секілді жәндіктердің шағуын болдырмас үшін олар бар кезде қозғалмай тұру керектігін айтыңыз;
- Мүмкіндік болса, баланы қараусыз қалдырмаған жөн.