Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасын қабылдау жөніндегі аймақтық отырыс
Павлодарға құрамына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, еліміздің денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев пен ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев енген ҚР Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында олар «Достық үйінде» өткен «2011-2015 жылдарға арналған «Салауатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобаларын талқылау жиындарына қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев Усолка мөлтек ауданындағы жаңадан ашылған емхананың жұмысымен танысып, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада және №2 Павлодар қалалық емханасын аралады. Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев Кенжекөлдегі балалар ауылында, қаладағы №25 қазақ орта мектебінде, №10 балабақша мен Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде болды. «Достық» үйінде өткен талқылау жиындары мен сапар қорытындылары туралы материал газетіміздің келесі санында толық беріледі.