85 жыл - құрметті мерейтой!
Дата: 2017-01-06 03:54:30

Бүгінде денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, ел құрметіне бөленген, денсаулық сақтау саласының еңбек ардагері Мүгілсім Баракқызы Аппасова 85 жасқа толып отыр. Сол себепті 2017 жылғы 1 қаңтар күні аудандық аурухананың бас дәрігері Тургульдинов Амркан Айдарханович аудандық аурухана атынан мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, аудан әкімінің алғыс хатын және естелік сыйлықтары мен гүлшоғын табыстады.
Мүгілсім Бараққызы 1932 жылдың 1 қаңтарында Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылшілік ауылында дүниеге келді. Жоғары білімді, 1956 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Педиатрия» факультетін аяқтаған. Еңбек жолын 1958 жылы Шарбақты теміржол станциясы емханасында балалар дәрігері ретінде бастаған. Кейін 1958-1978 жылдары Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданы Ново-Троицк (қазіргі Ивановка) совхозында 20 жыл табысты еңбек етті. Ауа райына қарамастан, уақытпен санаспай мұқтаж адамдарға әркез жедел көмек көрсетті. Ақтоғай ауданы бойынша дәрігерлердің тапшылығы кезінде біліктілігін арттырып әмбебап дәрігер болып қызмет көрсетті. Шыдамдылық пен қажырлықты, білім мен сабырлықты қажет ететін салада абыроймен қызмет атқару- үлкен еңбек. Алдына келген ауруды емдеп жазуға көп еңбек сіңірді, олардың дұрыс тамақтануына, демалуына назар аударды, бұл тұрғындардың ауыруын алдын алуға ықпал етті. Мүгілсім Бараққызы Аппасованың еңбек жолы Ақтоғай ауданымен тығыз байланысты. 1978 жылы облыс орталығына қоныс аударып 10 жыл бойы облыстық Қызыл крест-Қызыл жарты ай-қоғамының төрайымы болды. Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада 10 жыл үздіксіз қызмет етті. Көп жылғы адал еңбегі үшін ол 1970 жылы В.И.Ленин 100-жылдық мерейтой медалімен, 1971 жылы Құрмет белгісі орденімен, 1973 жылы 2 және 3 дәрежелі «Ана Даңқы» медалімен, 1986 жылы Одақтық дәрежедегі Пирогов атындағы медалімен, Қазақ КСР-ы Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапаталды. Сондай-ақ 1966 жылы КСРО Жоғары Кеңесіне № 160 Екібастұз сайлау округінен депутат болып сайланды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мүгілсім Бараққызының 85 жасқа толуына орай аудан басшылығы қиындығы мен қызығы қатар жүретін, денсаулық саласында көрсеткен табандылығы, еңбексүйгіштігі мен адалдығы үшін, «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Саналы өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған, ауданымыздан ем іздеп барғандарға қолұшын беріп, науқастардың тез жазылып кетуіне мұрындық болған Мүгілсім апамыз бүгінде отбасының ұйытқысы болып отырған, аяулы ана, ардақты әже.