Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовқа Павлодарда бес мобильді медициналық орталық пен 22 жедел жәрдем көлігінің мүмкіндіктері көрсетілді.
02-11-2020 08:38
Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовқа Павлодарда бес мобильді медициналық орталық пен 22 жедел жәрдем көлігінің мүмкіндіктері көрсетілді.

Мобильді диагностикалық жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың негізінде созылмалы инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, денсаулық жағдайының тобын анықтау, алдын алу, емдеу, оңалту және сауықтыру іс-шараларын жүргізу үшін денсаулық жағдайына терең зерттеу жүргізуге болады. Кешендер цифрлық жабдықпен жарақталған жеті мамандандырылған кабинеттен тұрады. Бұл жалпы тәжірибе дәрігерінің және талдауларды қабылдау аймақтары, дәріхана пункті, жалпы қабылдау кабинеттері, акушер-гинеколог, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер. Рентген және флюорография арнайы қорғасын бөлмесінде жасалады. Бұл қоршаған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әрбір кешен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған көтеру жүйесімен жабдықталған.

- Павлодар облысында облыс немесе аудан орталығынан қашық орналасқан елді мекендер бар, - деп атап өтті Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Серікжан Арынов. - ЖМК арқасында біздің дәрігерлер скрининг, тексеру және кәсіби тексеру жүргізу үшін адамдарға бара алады, сондай-ақ сол жерде барлық қажетті көмекті көрсете алады. Бұл медицинаның қазіргі тұжырымдамасына жалпы сәйкес келеді және алғашқы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын көрсетеді.

Мобильді медициналық орталықтар Баянауыл, Железин, Ертіс, Павлодар және Шарбақты аудандарына жіберіледі. Кешендердің негізінде пациенттерді қабылдауға арналған қызметкерлер құрамы жасақталған. Жылжымалы медициналық кешендер қазақстандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС кәсіпорнында шығарылғанын атап өтеміз.

Сондай-ақ, Павлодар облысына «Hyundai H350» негізіндегі «С» класты 16 реанимобиль және «Jac» негізіндегі «А» класты 6 жедел жәрдем машинасы келді. Әрбір автомобиль зембілдермен, шиналармен және алғашқы көмек көрсетуге арналған басқа да қажетті заттармен жабдықталған. Реанимобильдерде диагностика және реанимация жүргізу үшін электрокардиограф, ӨЖЖ аппараты, инфузомат, пациент мониторы, дефибриллятор және желіге шығу үшін қажетті басқа да медициналық жабдықтар қарастырылған.

 

- Мен жедел жәрдемде 30 жыл дерлік жұмыс істеп келемін, мұндай жарақталған реанимобиль бізде ешқашан болған емес деп айта аламын. Қазір бізде коронавирус пандемиясы кезінде көмек көрсету үшін барлық жағдай бар екендігі өте маңызды. Машиналарда оттегі аппараты қарастырылған. Бұл біз бұрын қолданған машиналарға қарағанда күштірек. Ол минутына 6-дан 10 литрге дейін оттегі беріп, сатурацияны едәуір арттырады. Бұл ретте пациенттердің әр тобы - балалар, әйелдер немесе ерлер үшін оттегін берудің өзіндік бағдарламасы бар, - дейді 103 қызметінің дәрігері Айман Темірғалина.

Жыл соңына дейін павлодарлық 103 қызметі тағы 87 жаңа реанимобиль алады. Осылайша станция автопаркі 100% жаңартылады. Жаңа санитарлық автокөлік қалалар мен аудандардағы барлық жедел жәрдем қосалқы станцияларына таратылады. Қызметке 24 дәрігер және 34 фельдшер жұмысқа қабылданды.

- Енді цифрландыруға баса назар аудару қажет. Жедел жәрдем, емханалар мен стационарлар өзара іс-қимылда жұмыс істеуі тиіс. Тиісті өзара іс-қимыл кезінде медицина саласындағы нақты өзгерістер көрінетін болады. Ауылдық жерлерге ерекше назар аудару қажет. Онда диагностиканы жақсарту, ауыр науқастарды ертерек анықтап, оларды облыс орталығына мамандандырылған медициналық көмек алуға жіберу маңызды, - деп атап өтті жаңа көлікті қарап шыққан Павлодар облысының әкімі.

Әбілқайыр Сқақов алынған арнайы көлікті бірден пайдалана бастау қажеттігін және оларды, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде, күтіп ұстауға қатысты барлық мәселені шешуді тапсырды