Облыстық жедел жәрдем станциясында пациенттерді әуе көлігімен тасымалдау және неонатологиядағы біліктілікті арттыру курстары алғаш рет өткізіліп отыр. Дайындықтан бірден 130 қызметкер өтеді.
Медицина қызметкерлерін оқыту 103 қызметінің симуляциялық орталығында өтеді. Ол компьютерлік класспен, шұғыл медициналық манипуляция техникасын пысықтауға арналған заманауи тренажерлармен, медициналық әдебиеттермен және тестілік бағдарламалармен жабдықталған. Мұнда бірнеше жылдан бері тек жедел жәрдем станциясының ғана емес, Павлодар облысының басқа да медициналық мекемелерінің қызметкерлерін даярлау жүргізіліп келеді.
Осы аптада симуляциялық орталықта негізгі реанимация, кеңейтілген реанимация және жарақат кезінде шұғыл көмек көрсету бойынша мастер-класстар басталды. Курсты ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандары жүргізеді. Халықаралық стандарттарды зерделеу 103 қызметінің қызметкерлеріне тасымалдау кезінде өлімді нөлдік деңгейде сақтауға және шақыру орнына жедел жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Павлодарда алғаш рет неонаталдық реанимация (жаңа туған нәрестелер реанимациясы) және «ұшу физиологиясы» оқытылады. Неонаталдық реанимация курсынан жедел жәрдем желілік бригадаларының дәрігерлері және пациенттерді әуе көлігімен тасымалдаудың халықаралық стандарттары – медициналық авиация бөлімшесінің қызметкерлері өтеді.