Дәрігерлер жазғы демалыс кезінде ата-аналар мен ересектерге балалар қауіпсіздігіне ерекше мән беруді ескертеді.
23 мамыр күні Павлодар қаласындағы Машһүр Жүсіп көшесіндегі үйдің ауласында жеңіл көлік 7 жастағы баланы қағып кеткен. Бала түрлі жарақаттармен облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді. Сол күні Солнечный кентінде тағы бір 7 жасар бала көлік астына түсіп, жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалуы күдігімен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
24 мамырда Павлодарда үш жасар бала кір жуғыш ұнтақты жеп қойып, улану жағдайымен жедел жәрдем шақыртылды. Бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Осы күні тағы бір жағдай тіркелді: 1 жасар бала үстіне қайнаған су төгіп алып, денесінің 3%-ын I–II дәрежелі күйік шалды. Бала анасымен бірге ауруханаға жеткізілді.
24 мамырдан 25 мамырға қараған түні Павлодарда тағы бір жол-көлік оқиғасы орын алып, төрт бала зардап шекті. Әуежай жақтағы айналма жолда екі жеңіл көлік соқтығысқан. Оқиға орнына 103 қызметінің екі бригадасы жіберілді. 2018, 2021 және 2024 жылы туған үш қыз бала мен 2020 жылы туған бір ұл бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Сонымен қатар, 34 жастағы әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. 33 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
— Әрбір баламен байланысты шақырту — бұл біздің жүрегімізге ауыр тиетін жағдай және ересектердің балалар қауіпсіздігіне толық жауапты екенін еске салу — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. — Әрине, жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін, бірақ дәл ересектердің қырағылығы мен түсіндіру жұмыстары қайғылы жағдайлардың алдын алады. Жолда балаға үнемі бақылау жасау қажет, жол жүру ережелерін түсіндіру маңызды. Ал тұрмыстық химия, дәрі-дәрмек және өзге де қауіпті заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде, тіпті құлыптаулы шкафтарда сақтау керек. Ыстық тағам мен сусындарды үстелдің шетіне қоюға болмайды. Баланың қауіпсіздігінің басты кепілі — ересектердің қырағылығы мен қамқорлығы.