Егер өткен бейсенбіде жедел жәрдем қызметі 627 шақыртуды қабылдаса, өткен сенбіде 103 желісіне түскен қоңыраулар саны 768-ге жеткен.
Демалыс және мереке күндері жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны дәстүрлі түрде артады. Соған қарамастан, тәулігіне үздіксіз жұмыс істейтін 70 медициналық бригада жүктеменің артуына қарамастан, өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруда.
– Демалыс күндері жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлар жиі орын алады, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Жаз мезгілінде судағы қайғылы оқиғаларға байланысты шақыртулар көбейеді. Адамдар демалуға, серуендеуге жиі шығады, бос уақытын әртүрлі өткізеді, сондықтан біздің пациенттеріміздің саны да артады. Сондықтан Павлодар облысы тұрғындарын өз қауіпсіздігіне және денсаулығына көбірек мән беруге шақырамыз.
6 маусым күні Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінің ауласында көлік жүргізушісі 6 жастағы баланы қағып кетті. Баланың диагнозы: «жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және аяқтың көгеруі». Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
7 маусым күні Толстой және Камзин көшелерінің қиылысында велосипедші көлік астына түсті. 1972 жылы туған ер адам жамбас сүйегінің көгеруі диагнозымен Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Сол күні Камзин көшесіндегі тубдиспансер маңында тағы бір велосипедші зардап шекті. Көлікпен соқтығысқаннан кейін 1993 жылы туған ер адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.