Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодарда 103 қызметкерлері өткен демалыс күндері екі рет босану қабылдады.
23-06-2025 11:29
 
Бірінші жағдайда босану үй жағдайында өтті, ал екінші сәби жедел жәрдем көлігінде дүниеге келді.
 
Алғашқы шақырту 21 маусымнан 22-сіне қараған түні түскен. Диспетчерге 38 жастағы жүкті әйелдің суы кеткені және толғақ басталғаны хабарланған. Босану сәті келгенде, 103 қызметкерлері оқиға орнында болды. 3,5 келіге жуық салмақтағы, бойы 53 см ұл бала дүниеге келді. Анасы мен сәбиі облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.
 
Екінші жағдай 22 маусымнан 23-іне қараған түні тіркелді. 39 апта жүктіліктегі 27 жастағы әйелге жедел көмек қажет болды. Қарау кезінде оның шарана суы ағып, әр екі минут сайын толғақ болып жатқан. Пациентті облыстық перинаталдық орталыққа жеткізу туралы шешім қабылданып, қабылдау бөлімі алдын ала ескертілді. Алайда жолда әйелдің қатты күшенуі басталып, босану жедел жәрдем көлігінде өтті. Сәби – қыз бала – кіндігі кесіліп, денесі сүртіліп, анасына берілді. Қажетті жылулық тізбегі сақталған. Қазіргі уақытта анасы мен сәбиі мамандардың бақылауында.
 
— 103 қызметінде әрбір қызметкер босану қабылдай алады, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Мищенко Ирина. – Бұл тек босану процесіне емес, шұғыл көмек қажет болатын жағдайларға да қатысты. Біздің станция базасында халықаралық стандарттарға сай шұғыл көмек көрсету курстары өткізіледі. Әрбір реанимобиль жаңа туған сәбилерді құтқаруға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
 
Сонымен қатар, 103 қызметі медициналық мекемеден тыс босанудың, тіпті ешқандай асқынусыз өтсе де, ана мен бала үшін көптеген қауіп төндіретінін ескертеді. Үй жағдайында асқынған жағдайда білікті көмек көрсету мүмкін болмайды. Оның үстіне, үйде босану – әрқашан стерильді бола бермейді.