Павлодар облысында 103 қызметінің диспетчерлері екі түрлі жағдайда адам өмірін сақтап қалуға көмектесті. Бірінші жағдайда — өзіне-өзі қол жұмсауға оқталған адамға көмек көрсетілді, ал екінші оқиғада — диспетчерлер үйде босану процесін басқаруға көмектесті.
1 шілде күні таңғы сағат 4 шамасында жедел жәрдемнің 103 нөміріне суицид әрекеті туралы хабар келіп түсті. Қоңырау шалғандар — көшеде ағашқа асылып тұрған 30 жастағы ер адамды байқап қалған полиция қызметкерлері еді. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткенше, диспетчер полиция қызметкерлеріне зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетудің тәртібін түсіндіріп отырды. Ер адам тұрақты жағдайда Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Екінші жағдайда қоңырау Екібастұз қаласынан түскен. 40 апталық жүкті 27 жастағы әйелде қатты толғақ басталған. Диспетчер шақыруды қабылдап, дәрігерлер келгенше байланыста қалып, қоңырау шалған туыстарына не істеу керектігін нақтылап айтып отырды. Бала жедел жәрдем келгенге дейін дүниеге келді. Медициналық бригада 6 минуттан кейін жетіп, салмағы шамамен 2,5 кг болатын қыз баланы және анасын облыстық перинаталдық орталыққа тұрақты жағдайда жеткізді.
•Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметінде 2019 жылдан бері қолданыла бастаған қоңырауды ұстап тұру функциясы өзін жақсы жағынан дәлелдеді, — дейді облыстық станция басшысының орынбасары Ольга Вербовая. — Бұл тәсілдің мәні – бригада жолға шыққаннан кейін диспетчер қоңырау шалған адаммен байланыста болып, дәрігерлер келгенше алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін айтып отырады. Бұл әдіс ұстама, қан кету, тыныс жолына бөгде зат түсуі, кеуде тұсындағы ауырсыну, сондай-ақ үйде босану жағдайларында жиі қолданылады. Биылғы жылдың басынан бері біздің диспетчерлер 8 мыңнан астам қоңырауды ұстап, көмек көрсетті.