Мереке күндері облыстық жедел жәрдем станциясына келіп түскен шақыртулар саны орта есеппен 15–20%-ға артты.
Өткен үш тәулік ішінде павлодарлық 103 қызметіне 2200-ден астам өтініш түсті. Тіпті күшейтілген режимде жұмыс істеген кезде де қызмет әрбір шақыртуға уақытылы жауап беріп, көмекке мұқтаж жандарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетті.
5 шілде күні «Молком» кәсіпорны аумағында болған өртті сөндіру кезінде екі жедел жәрдем бригадасы 13 сағаттан астам кезекшілік атқарды. Абырой болғанда, ғимарат шатырындағы өрт пен оны оқшаулау, жою кезінде медициналық көмекке жүгінгендер болмады.
Сол күні Ақсу қаласында жедел жәрдем қызметкерлері 1983 жылы туған ер адамды құтқарып қалды. Оқиға орталық жағажайда болды. Жәбірленуші оттегі жетіспеушілігінен ми жарақатын алып, мойын омыртқасының сынуы мен ми шайқалуын бастан өткеріп, кома жағдайына түскен. Күрделі жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлері сәтті реанимация жүргізіп, науқасты Ақсу қалалық ауруханасына жеткізді.
Щербакты ауданында 103 қызметі буға тұншығып қала жаздаған ер адамға көмек көрсетті. Сенбі күні кешке 1962 жылы туған ауыл тұрғыны моншаға түспек болған. Ұзақ уақыт болмағасын, жұбайы уайымдап қарап барғанда, күйеуін ес-түссіз күйде табады. Ер адам денесінің бірнеше жерінен ІІ дәрежелі күйік алып, ми қан айналымының жіті бұзылуы мен ми комасына түскен. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді.
— Мерекелік демалыс күндері жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар өте көп болды, — дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Мищенко Ирина. — Апаттар елді мекен ішінде де, сыртында да орын алды. Кеменгер ауылы маңындағы және Павлодар набережнаясындағы өліммен аяқталған апаттар барлық жол қозғалысына қатысушыларға — жүргізуші, жаяу жүргінші немесе велосипедші болсын — үлкен ескерту болуы тиіс.
Өткен демалыстағы ең ірі жол-көлік оқиғасы 5 шілде күні Щербакты бағытындағы тасжолда, Кеменгер мен Хмельницкое ауылдарының арасында орын алды. Үш көлік соқтығысып, екеуі өртеніп кетті. Оқиға орнына үш жедел жәрдем бригадасы мен бір апаттық медицина орталығының тобы тартылды. Өкінішке қарай, үш ер адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Тағы алты адам түрлі ауруханаларға жеткізілді.
6 шілде күні Теренкөл ауданы, Жанабет пен Жасқайрат ауылдарының арасындағы тасжолда болған апатқа екі жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Автокөліктің аударылуы салдарынан төрт адам зардап шекті: 1976 және 1985 жылы туған әйелдер медициналық тексеруден бас тартты, ал 18 жастағы қыз бен 2023 жылы туған бүлдіршін аудандық ауруханаға жеткізілді.
7 шілде күні Екібастұз қаласында бірден екі жол апаты тіркеліп, әрқайсысында төрт адамнан зардап шекті. Алғашқы жағдайда екі көліктің соқтығысуынан кейін 29, 30 және 63 жастағы әйелдер мен 77 жастағы ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді. Екінші оқиғада зардап шеккендердің арасында 36 жастағы әйел мен үш бала болды: 8 және 9 жастағы екі қыз және 7 жастағы ұл бала.