Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Биіктіктен құлау мен жол-көлік оқиғалары: Павлодардағы 103 қызметіне демалыс күндері түсетін жүктеме 20%-ға артты
14-07-2025 17:46
Биіктіктен құлау мен жол-көлік оқиғалары: Павлодардағы 103 қызметіне демалыс күндері түсетін жүктеме 20%-ға артты
 
Егер әдетте облыстық жедел жәрдем станциясы тәулігіне 600–650 шақырту қабылдайтын болса, өткен демалыс күндері бұл көрсеткіш 760-тан асты.
 
103 қызметінің мәліметінше, 11–13 шілде аралығында бірнеше шақырту биіктіктен құлау жағдайларымен байланысты болған. Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылында 16 жастағы жасөспірім үйдің шатырынан құлап кеткен. Жігіт жабық бас-ми жарақатын және аяқ сүйегінің сынуын алған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді.
 
Павлодарда 50 жастағы ер адам абайсызда биіктіктен құлап, зардап шекті. Оның айтуынша, досына көмектесіп жатқанда шамамен 2,5 метр биіктіктегі шатырдан құлап кеткен. Нәтижесінде ол Павлодар қалалық №1 ауруханасына жатқызылды.
 
Сол ауруханада 1951 жылы туған зейнеткер де ем қабылдауда. Ер адам екінші қабаттан құлап, жамбас сүйектерінің сынуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілді.
 
– Биіктіктен құлау, өкінішке қарай, сирек емес. Әсіресе жылы мезгілде адамдар бақша жұмыстары немесе жөндеу жұмыстарымен жиі айналысатындықтан, мұндай жағдайлар жиі кездеседі, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Мищенко Ирина. – Мұндай жарақаттарды болдырмау үшін, алдымен дұрыс баспалдақтар мен сатыларды пайдалану қажет, ал егер жұмыс биіктікте жүргізілсе – міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағу керек. Жұмысқа кіріспес бұрын қауіптерді бағалау қажет, ал сенімді болмасаңыз – мамандарға жүгінген жөн.
Биіктіктен құлағаннан кейін алғашқы көмек көрсету бойынша ең маңыздысы – сабыр сақтау және, әсіресе омыртқа, бас немесе жамбас жарақаты күдігі болса, зардап шеккен адамды орынсыз қозғалтпау. Бірден 103 нөміріне қоңырау шалу керек, ал жедел жәрдем келгенше адамға тыныштық пен қауіпсіз жағдай жасау қажет. Егер адам ес-түссіз болса, бірақ тыныс алып жатса – оны жанымен жатқызып, құсу салдарынан тұншығып қалмауына жол бермеу керек. Ең бастысы – өзіндік еммен айналыспау және адамды өз бетіңізше тасымалдауға тырыспау, бұл оның жағдайын нашарлатуы мүмкін.
Өткен демалыста жол-көлік оқиғалары да тіркелді:
12 шілде күні Ген. Бакиров көшесінде көлікпен соқтығысқан жас мотоцикл жүргізушісі зардап шекті. 2008 жылы туған бозбаланың тізесі мен құйымшағы жарақаттанып, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
13 шілде күні Ақсу қаласында екі көліктің соқтығысуы салдарынан төрт адам зардап шекті. 1961 және 1973 жылы туған екі ер адам Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді. Ал 1971 және 1975 жылы туған тағы екі азамат медициналық тексеруден кейін ауруханаға жатудан бас тартты.