Егер 18 шілде күні облыстық 103 станциясының пультіне 641 қоңырау келіп түссе, 19 және 20 шілдеде бұл көрсеткіш айтарлықтай артты — тиісінше 718 және 740 шақырту тіркелген.
Өткен демалыс күндері Павлодар облысында бірнеше жол-көлік оқиғасы орын алды. 19 шілде күні Павлодарда Назарбаев пен Торайғыров көшелерінің қиылысында велосипед мінген адамды қағып кетті. 38 жастағы ер адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Тағы бір оқиға әуежайдың автотұрағында болды: 17 жастағы қыз мотоциклден құлап, мойын омыртқасын зақымдаған. Пациент бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Демалыс күндері түскен бірнеше шақырту балалар жарақатына байланысты болды. Камзин көшесіндегі аулалардың бірінде 6 жастағы қыз бала әткеншектен құлап, жарақат алған. Ал Олжабай батыр көшесіндегі үйлердің бірінің жанында 6 жастағы ұл бала қаңырап бос тұрған ғимараттың терезесінен секіріп, сынған шыныға түсіп, иығы мен қолын кесіп алған. Екі бала да облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
— Жедел шақыртулардан бөлек, біз жаппай іс-шараларды да медициналық қамтамасыз етеміз, — дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Мищенко Ирина. — Өткен жұма күні Павлодар мен Екібастұз қалаларында үш футбол матчы өтті, ал сенбіде «Құлагер» ипподромында бәйге және Орталық жағалауда Қала күніне арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Жағалауда кешкі уақытта халық тарапынан 7 медициналық көмекке жүгіну тіркелді.