Өткен демалыста Павлодар – Семей трассасында болған ең ірі жол апатына бірден 6 адам қатысқан.
Шарбақты ауылынан 8 шақырым жерде орын алған жол-көлік оқиғасы туралы хабар 10 тамыз күні таңғы сағат 5:43-те түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы және апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді. Белгілі болғандай, трассада екі жеңіл автокөлік бетпе-бет соқтығысқан. 37 және 61 жастағы екі ер адам тексеруден кейін ауруханаға жатқызудан бас тартты. Ал қалған төртеуін — 38 жастағы әйелді, 10 айлық қызды және 9 бен 16 жастағы ұл балаларды — Аққулы аудандық ауруханасына жеткізді.
– Бір кездері біз Павлодар облысындағы барлық негізгі трассаларды өзіміз үшін 50 шақырымдық учаскелерге бөліп қойғанбыз. Бұл — қай жерде жол апаты болса да, оқиға орнына мүмкіндігінше тез жету үшін жасалған, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Мищенко Ирина. – Павлодар – Семей трассасындағы апат кезінде бір бригаданы Шарбақты ауылынан, екіншісін Аққулыдан жөнелтуге мүмкіндік болды. Осылайша медицина қызметкерлерінің дер кезінде жетуі мен сапалы медициналық көмектің көрсетілуі қамтамасыз етілді.
Жалпы алғанда, өткен демалыс күндері 103 қызметі жол апаттарына байланысты 11 рет шақыртуға шыққан. 8 тамыз кешінде Кенжекөл ауылы маңында жеңіл автокөлік пен «Газель» соқтығысты. Салдарынан 3 жастағы ұл бала мен 39 жастағы әйел зардап шекті. Екеуі де ауруханаға жатқызылды.
9 тамызда Екібастұзда Пшенбаев көшесіндегі жанармай бекеті маңында жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. 1953 жылы туған ер адам жабық бас-ми жарақатын және бел аймағының жарақатын алып, Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.