Бар-жоғы бір жарым сағат айырмашылығымен облыстық жедел жәрдем станциясының мамандары әуедегі көмек арқылы Павлодарға екі науқасты жеткізді — инфаркттан аман қалған 77 жастағы әйел мен шала туған нәрестені.
Екі өтініш те медициналық авиация қызметіне 29 тамыз күні түсті.
Алғашқы жағдай
Сағат 12:05-те шақырту Железин аудандық ауруханасынан түсті. Инфаркттан кейінгі жағдайы ауыр 1948 жылғы әйелге кардиоорталық мамандарының көмегі қажет болды. Сол үшін арнайы медициналық бригада жасақталып, тікұшақ жолға шықты.
Екінші жағдай
Біраз уақыттан соң Экибастұздан тағы бір өтініш түсті. Бұл жолы облыс орталығына шала туған нәрестені жеткізу қажет болды. Жаңа туған ұл баланың тыныс жеткіліксіздігі анықталғандықтан, уақыт жоғалтпай әрекет ету керек еді.
Медициналық авиация меңгерушісі Алмагүл Бесембинованың айтуынша, қиындықтың бірі – павлодарлық медавиация қарамағында тек бір ғана тікұшақ бар. Оның үстіне ұшулар тек күндізгі уақытта жүзеге асырылады. Сондықтан 103 станциясының мамандары Ұлттық шұғыл медициналық жәрдем үйлестіру орталығына және «Қазавиақұтқару» АҚ-ға жүгінді. Соның нәтижесінде қосымша Ми-8 тікұшағы бөлінді. Бұл әуе көлігі көбіне құтқару операцияларында қолданылады.
Үйлесімді әрекет – екі өмірді сақтап қалды
Сағат 17:48-де инфаркттан аман қалған әйел кардиоорталық мамандарына тапсырылды. Ал 18:48-де шала туған нәресте Павлодардағы перинаталдық орталыққа жеткізілді.
«ҰШМҮО мен “Қазавиақұтқару” АҚ-мен жедел үйлесімді әрекетіміздің арқасында екі адамның өмірін сақтап қалдық. Қазір екеуінің де денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Алмагүл Бесембинова.