Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодар облысында жедел жәрдем фельдшері үйде босандыруды қабылдады.
15-09-2025 09:59
Павлодар облысында жедел жәрдем фельдшері үйде босандыруды қабылдады.
 
Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына бара жатқанда, 103 диспетчері қоңырауды ұстап тұрып, қасындағыларға босанушыға қалай көмектесу керегін нұсқау беріп отырды.
 
Шұғыл шақырту 11 қыркүйек кешкісін Павлодар ауданына қарасты Шақат ауылынан түсті. Қоңырау шалған адам 24 жастағы жүкті туысының суы кеткенін және толғағы жиілегенін хабарлаған.
 
– Жедел жәрдем диспетчері ең жақын медициналық бригаданы жіберді, – дейді облыстық 103 станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Бригада жеткенге дейін біздің диспетчер «қоңырауды ұстап тұрып», босанушы жанындағыларға кеңес беріп отырды. Медиктер шақыртудан кейін 9 минутта жеткен.
 
Үй жағдайында босандыруды жедел жәрдем фельдшері қабылдады. Ол кіндік бауды өңдеп, жаңа туған қызды орап, анасын құшағына жатқызды. «Жылу тізбегі» сақталды.
 
– Босандыру да, өзге шұғыл көмек те – павлодарлық 103 қызметінің кез келген медицина қызметкерінің қолынан келеді, – дейді Ирина Мищенко. – Ол үшін біздің станция базасында халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған жаттықтырушылар мен Ұлттық шұғыл медициналық жәрдем үйлестіру орталығының мамандары қатысатын оқу курстары тұрақты өткізіледі. Бұл курстардан жедел жәрдемнің барлық дәрігерлері мен фельдшерлері өтеді.
 
Бойы 53 см, салмағы 3 кг қыз бала анасымен бірге тұрақты жағдайда өңірлік перинаталдық орталыққа жеткізілді. Ережеге сай қабылдау бөлімі алдын ала хабардар етілді.