Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, павлодарлық медициналық авиация пациенттерді тасымалдауды орындады
13-10-2025 12:14
 
 
Өткен демалыс күндері Павлодар облысының медициналық авиация қызметі үш өтінімді орындады. Барлық пациенттер жерүсті көлігімен жеткізілді.
 
Алғашқы өтінім 11 қазан күні таңертең Ертіс ауданынан түсті. Мұнда мол түскен қардың биіктігі 20 сантиметрге жеткен еді. Облыс орталығына тыныс жетіспеушілігі диагнозы қойылған шала туған нәресте қызды жеткізу қажет болды. Бұл шақыруды неонатологиялық бригада орындап, баланы облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.
 
Сол күні медициналық авиацияға Ақсу қалалық ауруханасынан да өтінім түсті. Дәрігерлер өкпе артериясының тромбоэмболиясы диагнозы қойылған 75 жастағы ер адамды Павлодарға жеткізу туралы шешім қабылдады. Реаниматологиялық бригада пациентті облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізді.
 
Тағы бір өтінім 12 қазанда Ақсудан түсті — 60 жастағы ер адамға инфаркт диагнозы қойылып, оған да арнайы көмек қажет болды. Науқас Павлодар қаласындағы кардиоорталыққа жеткізілді.
 
– Қар жауып, ауа райының қолайсыз болуына байланысты әуе көлігін пайдалана алмадық, сондықтан барлық өтінім жерүсті көлігімен орындалды, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының медициналық авиация бөлімінің меңгерушісі Алмагүл Бесембинова. – Барлық пациенттер аман-есен Павлодардағы стационарларға жеткізілді, қазір оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
 
Қолайсыз ауа райы жағдайы жедел жәрдем бригадаларының жұмысына да кедергі келтірген жоқ. Барлық түскен шақырулар бекітілген уақыт нормаларына сай орындалды.