Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Өткен демалыс күндері Павлодардың 103 қызметі бірнеше ірі жол-көлік оқиғаларына қызмет көрсетті
20-10-2025 10:37
Өткен демалыс күндері Павлодардың 103 қызметі бірнеше ірі жол-көлік оқиғаларына қызмет көрсетті
 
20 қазан күні әрқайсысында кемінде бес зардап шеккен үш бірдей жол апаты тіркелді.
 
Бірінші апат туралы хабар жексенбі күні сағат 17:31-де жедел жәрдем пультіне түсті — Ақсу мен Көктөбе арасындағы трассада, Құрқол ауылының тұсында екі автокөлік соқтығысты.
Шақыруға Ақсудан екі 103 бригадасы, Көктөбеден бір медициналық бригада, сондай-ақ Құрқолдан бір медицина қызметкері жұмылдырылды.
Оқиға орнында дәрігерлер шамамен 60 жастағы белгісіз ер адамның көз жұмғанын анықтады.
42 жастағы ер адам мен 17 жастағы жасөспірім түрлі жарақаттармен Май аудандық ауруханасына жеткізілді.
Тағы бір зардап шеккен — 22 жастағы қыз Ақсу қалалық ауруханасына тасымалданды.
Апатқа қатысқан бесінші адам — 27 жастағы ер адам — медициналық тексеруден және ауруханаға жатқызудан бас тартты.
 
Араға 2,5 сағат салып, жедел жәрдемге Ақсу мен Кенжекөл арасындағы жолда, Қарабай ауылының маңында екі көліктің соқтығысқаны туралы тағы хабар түсті.
Оқиға орнына Ақсудан екі бригада және Төтенше жағдайлар медицина орталығының медициналық бригадасы жіберілді.
Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі — 69 жастағы әйел адам алған жарақаттарынан көз жұмды.
71 жастағы ер адам мен 20 жастағы қыз Ақсу қалалық ауруханасына,
ал 49 жастағы әйел мен 19 жастағы қыз Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді.
 
Сағат 23:35-те Павлодар қаласынан 103 қызметіне тағы бір шақыру түсті — Назарбаев пен Амангелді көшелерінің қиылысында екі автокөлік соқтығысқан.
Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы және Төтенше жағдайлар медицина орталығының бригадасы жұмылдырылды.
2001 жылы туған бір жігіт пен үш қыз Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді.
Тағы бір 23 жастағы ер адам медициналық тексеруден және ауруханаға жатқызудан бас тартты.
 
— Біз тағы да жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салуға мәжбүрміз, — дейді облыстық 103 станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
— Жоғары жылдамдық, маневр жасау ережелерін бұзу және назардың жетіспеушілігі әлі де негізгі қауіп факторлары болып отыр.
Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысының жауапкершілігі — қайғылы статистиканы азайтудың жалғыз жолы.