Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодарлық медициналық авиация екі тәулікте алты өтінімді орындады
19-01-2026 15:09
 
 
Күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, медицина қызметкерлері барлық өтінімдерді қысқа мерзімде орындады. Бір науқас Павлодарға тікұшақпен, тағы бесеуі жерүсті көлігімен жеткізілді.
 
17 қаңтар күні жедел медициналық жәрдемнің аймақтық станциясы құрамына кіретін медициналық авиация қызметіне Ертіс аудандық ауруханасынан өтінім түсті. Инсульттен кейін асқынулар пайда болған 1968 жылы туған ер адамды облыс орталығына жеткізу қажет болды. Медициналық бригада науқасты тікұшақ бортында Павлодарға жеткізіп, оны Павлодар қалалық №3 ауруханасының мамандарына тапсырды.
 
Өткен сенбіде тағы екі науқас Екібастұз қаласынан облыс орталығына жеткізілді. Бірінші жағдайда жабық ауыр жұлын-ми жарақаты, жұлынның соғылуы және спиналдық шок диагнозы қойылған 58 жастағы ер адамға мамандандырылған көмек қажет болды. Екінші жағдайда — 1964 жылы туған, жүректің ишемиялық ауруы мен жедел коронарлық синдромы бар ер адам. Екеуі де реанимобильдермен Павлодарға жеткізілді.
 
18 қаңтар күні медициналық авиация қызметкерлері тағы үш өтінімді орындады. Медициналық бригада Екібастұзға ауыр асфиксия және туа біткен пневмония диагнозы қойылған жаңа туған қыз баланы тасымалдау үшін барды. Қазіргі уақытта оның жағдайымен Павлодар облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері айналысып жатыр.
 
Сондай-ақ Ертіс аудандық ауруханасынан облыстық кардиоорталыққа 65 жастағы ер адам жеткізілді. Оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы, инфаркт және кардиогендік шок диагнозы қойылған. Ал Ақсу қалалық ауруханасынан облыстық балалар ауруханасына жарты жасар бала тасымалданды. Сәбиде жедел бронхиолит анықталды.