Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Өткен демалыс күндері Павлодар облыстық 103 жедел жәрдем қызметінің қызметкерлері зардап шеккендермен тіркелген 12 жол-көлік оқиғасына шықты.
09-02-2026 17:08
 
Өкінішке қарай, 7–8 ақпан күндері орын алған жол-көлік оқиғаларының кейбірі адам өлімімен аяқталды.
 
Өліммен аяқталған екі апат та өткен сенбі күні тіркелді. Железин ауылындағы көшелердің бірінде болған жол-көлік оқиғасы салдарынан өмірмен үйлеспейтін ауыр жарақаттар алған, шамамен 25 жастағы белгісіз ер адам оқиға орнында қаза тапты. Екінші өлім жағдайы Аққулы мен Қазы ауылдарының арасындағы тас жолда тіркелді. Жедел жәрдем қызметкерлері автокөлік қағып кеткен 40 жастағы ер адамның қайтыс болғанын растады.
 
7 ақпан күні Шалдай мен Шақат ауылдарының арасындағы тас жолда екі автокөліктің соқтығысуы нәтижесінде үш адам зардап шекті. 43 жастағы ер адам көптеген сүйек сынуы мен соққылармен Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Іштің тұйық жарақатын және қабырғалардың жабық сынуын алған 40 жастағы әйел Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға тасымалданды. Ал апаттың үшінші қатысушысы – 21 жастағы жас жігіт медициналық тексеруден бас тартты.
 
Осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы 8 ақпан күні Астана – Павлодар тас жолында, Байет ауылының маңында орын алды. Екі автокөліктің соқтығысуынан кейін олардың бірі жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі мен апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді. 1981 жылы туған әйел және 1966, 1984 және 1995 жылы туған үш ер адам орташа ауырлықтағы жарақаттармен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. Тағы бір жол-көлік оқиғасына қатысушы – 29 жастағы ер адам медициналық тексеруден бас тартты.
 
– Соңғы екі тәулікте біздің станция қызметкерлері зардап шеккендермен тіркелген 12 жол-көлік оқиғасына шықты, – деді өңірлік 103 қызметі басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Бұл – өте жоғары көрсеткіш және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың аса маңызды екенін тағы бір мәрте еске салады. Біз жүргізушілерді барынша мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырамыз. Себебі жолдағы бір сәттік немқұрайлылықтың құны – медицина қызметкерлерінің ең жедел әрекетінің өзі қайтара алмайтын адам өмірі.