Өткен екі тәулікте жедел жәрдем қызметкерлері үйде босану дерегіне және зардап шеккендер бар үш жол-көлік оқиғасына шықты.
Үйде босанудың кезекті жағдайы 14 ақпанда Екібастұз қаласында тіркелді. Сағат 06:05-те 103 пультіне шұғыл қоңырау түсті. Шақыртудан кейін бес минут ішінде медицина қызметкерлері оқиға орнына жетті. Сол сәтте салмағы шамамен 3 келі, бойы 50 сантиметр қыз бала дүниеге келген болатын. Белгілі болғандай, босануды әйелдің анасы қабылдаған. Жылулық тізбекті сақтай отырып, медициналық бригада ана мен жаңа туған сәбиді тұрақты жағдайда қалалық перзентханаға жеткізді.
– Медициналық мекемеден тыс жерде өтетін босану, көзге көрінетін асқынуларсыз өткеннің өзінде, ана мен бала үшін көптеген қауіп-қатерге толы, – дейді облыстық 103 станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Үй жағдайында асқыну туындаған кезде білікті медициналық көмек көрсету іс жүзінде мүмкін емес. Оның үстіне, үйде босану әрдайым стерильді жағдайда өтпейді. Сондықтан болашақ аналарды өз денсаулығы мен сәбиінің өмірін қатерге тікпей, босану үдерісін мамандандырылған стационарларда кәсіби мамандарға сеніп тапсыруға шақырамыз.
Жедел жәрдем қажет болған үш жол апаты да 15 ақпанда орын алды. Сағат 12:40-та медицина қызметкерлеріне Спутник станциясы маңында екі автокөліктің соқтығысуы туралы хабарлама түсті. Зардап шеккендердің қатарында 35 жастағы ер адам және 36 және 60 жастағы екі әйел болды. Олар Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілуден бас тартып, Екібастұз қаласындағы тұрғылықты жері бойынша дәрігерлерге жүгінетіндерін айтты.
Екінші жол-көлік оқиғасы Ақтоғай ауданына қарасты Есентерек ауылы маңында болды, онда автокөлік жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы және Мүткенов ауылының медицина қызметкерлері жіберілді. 1954 жылы туған әйел, 2004 жылы туған қыз және 2002 жылы туған жас жігіт түрлі жарақаттармен Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді.
Тағы бір жол апаты Жолқұдық ауылынан бес шақырым жерде болды. Сағат 20:07-де тас жолда автокөліктің аударылғаны туралы шақырту түсті. Төрт адам зардап шекті. 1958 және 1987 жылы туған ер адамдар, сондай-ақ 1961 жылы туған әйел Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Ал апатқа қатысқан тағы бір 68 жастағы әйел медициналық тексеруден бас тартты.
Жедел жәрдем қызметі жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін тағы да еске салды. Дәрігерлер Павлодар облысының тұрғындарын көлік тізгінінде аса мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және тас жолға шығарда ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя