Мерекелік демалыс күндері Павлодардың 103 қызметі биіктіктен құлау деректері бойынша үш рет шақыртуға шықты
Бақытымызға орай, өлім-жітім жағдайлары тіркелген жоқ.
Демалыс күндері жедел жәрдем пультіне түсетін қоңыраулар саны дәстүрлі түрде артты. Өткен үш тәулікте 103 қызметі тәулігіне 750-ден 770-ке дейін шақырту қабылдады.
Күннің жылынуымен Павлодар облысында көшедегі жарақаттануға байланысты шақыртулар саны көбейді. 1–3 мамыр аралығында жедел жәрдемге биіктіктен құлау бойынша бірден үш шақырту түсті. Ақсу қаласының ауылдық аймағында сарайдың шатырынан құлаған 31 жастағы ер адам зардап шекті. Білек сүйектерінің жабық сынуымен ол Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.
Екібастұз қаласында биіктіктен құлау салдарынан екі адам зардап шекті. Бірінші жағдайда 48 жастағы әйел көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан құлап, сан сүйегінің сынуын және тобық буынының соғылуын алды. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушіде пәтер кілті болмағандықтан, ол терезе арқылы үйіне кіруге әрекет жасаған.
Екінші жағдайда 53 жастағы ер адам гараждың шатырынан құлаған. Ол тізе буынының шығуын және бұлшықеттердің созылуын алды. Екі науқас та Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
– Көп жағдайда адамдар өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, терезе арқылы үйге кіруге немесе шатырда сақтандырусыз жұмыс істеуге тырысады, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Егер кілтті ұмытып қалсаңыз, ешқашан терезе немесе балкон арқылы үйге кіруге тырыспаған жөн — мұндай тәуекел адам өмірі мен денсаулығына тұрмайды. Ал шатырды жөндеу кезінде әрқашан тұрақты баспалдақтарды пайдаланып, қасыңызда көмекші болғаны дұрыс.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, егер құлау орын алса, ең маңызды ереже — зардап шеккен адамды қозғалтпау және жедел жәрдем келгенге дейін оны отырғызбау, өйткені бұл омыртқа жарақаттарын немесе сүйек сынуларын асқындыруы мүмкін. Дереу 103 нөміріне хабарласып, бригада келгенге дейін диспетчердің нұсқауларын орындау қажет. Егер ашық жарақаттар және белсенді қан кету белгілері байқалса, қан тоқтататын таңғыш салған жөн, бірақ сынуы мүмкін аяқ-қолдардың қалпын өзгертпеуге тырысу керек.
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя