Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодар облысының «103» қызметінің жетістіктері Денсаулық сақтау министрі Акмарал Альназароваға баяндалды
06-05-2026 08:46
Павлодар облысының «103» қызметінің жетістіктері Денсаулық сақтау министрі Акмарал Альназароваға баяндалды
 
Жұмыс сапарымен Павлодар облысына келген Денсаулық сақтау министрі өңірлік жедел медициналық жәрдем станциясында болып, оның қызметкерлерімен кездесті.
 
Алдымен Акмарал Альназароваға «103» қызметі мен медициналық авиация қызметкерлері шақыртулар мен өтінімдерге шығатын жедел жәрдем көліктері көрсетілді. 2020 жылы сатып алынған санитариялық автокөліктер бүгінгі күні нормативтік пайдалану мерзімін өткергенімен, техникалық жағдайы жақсы. Станция басшысы Қанадан Ахметжановтың айтуынша, барлық жедел жәрдем көліктері «реанимобиль» класы бойынша жабдықталған және кез келген шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған.
 
Министрге павлодарлық «103» қызметінің басты ерекшеліктерінің бірі – трассалық пункттердің тармақталған жүйесі туралы да айтылды. Он жылдан астам уақыт бұрын өңірдегі барлық қалааралық автожолдар 50 шақырымдық учаскелерге бөлініп, олардың әрқайсысын жедел жәрдемнің трассалық пункттерімен қамту көзделген. Бұл қызметті аудандық ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар және фельдшерлік пункттер атқарады, олардың қызметкерлері жол-көлік оқиғалары жағдайында алғашқы көмек көрсетуге оқытылған. Соның нәтижесінде Павлодар облысында қала сыртындағы жол-көлік оқиғаларына жету уақыты 12–13 минутты құрайды, ал республика бойынша орташа көрсеткіш – 23–24 минут.
 
«103» қызметінің тағы бір жетістігі – 2014 жылдан бері бірде-бір инфаркт жағдайы назардан тыс қалмаған. Жүйе келесідей жұмыс істейді: медициналық бригада кардиометрдің көмегімен науқастың ЭКГ-сын жазып алады, ол онлайн режимде станцияның аға кардиологының компьютеріне түседі. Дәрігер бір минут ішінде кез келген ауытқуларды анықтап, науқасқа дер кезінде ем көрсетуге мүмкіндік береді.
 
Сондай-ақ Акмарал Альназароваға медицина қызметкерлері пайдаланатын жабдықтар көрсетілді. Бұл құрал-жабдықтар тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, демеушілердің қолдауымен де алынған. Бір жылдан астам уақыт бұрын жедел жәрдем станциясы жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған кювезбен және реаниматологтардың жұмысына аса қажетті қышқыл-сілтілік талдау жүргізетін анализатормен жабдықталған.