Павлодар облысындағы жедел медициналық жәрдем қызметінің басты артықшылықтарының бірі – трассалық пункттердің дамыған желісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акмарал Альназарова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірлік жедел медициналық жәрдем станциясында болды.
Денсаулық сақтау министріне «103» қызметінің жұмысы, оның ішінде автопаркі, медициналық жабдықтары және негізгі көрсеткіштері таныстырылды. Өңірдегі шұғыл медициналық көмектің тиімділігіне ерекше назар аударылды.
Станция басшысы Қанадан Ахметжановтың айтуынша, жедел жәрдем көліктерінің барлығы «реанимобиль» класы бойынша жабдықталған және шұғыл көмектің толық спектрін көрсетуге дайын. Санитариялық автокөліктердің бір бөлігі 2020 жылы сатып алынып, нормативтік пайдалану мерзімін өткергеніне қарамастан, техника жақсы жағдайда және пайдаланылуын жалғастыруда.
Он жылдан астам уақыт бұрын өңіраралық автомобиль жолдары 50 шақырымдық учаскелерге бөлініп, олар ауруханалар мен амбулаториялар базасында орналасқан шұғыл көмек көрсету пункттерімен қамтамасыз етілді. Соның нәтижесінде тас жолдардағы жол-көлік оқиғаларына жету уақыты 12–13 минутты құрайды, ал республика бойынша орташа көрсеткіш 23–24 минут.
Тағы бір маңызды жетістік – инфаркттарды ерте анықтау жүйесі. 2014 жылдан бері дәрігерлер бірде-бір жағдайды жіберіп алмаған: бригадалар шақырту орнында ЭКГ түсіріп, деректерді онлайн режимде кардиологқа жібереді. Кардиолог науқастың жағдайын жедел бағалап, емдеу тактикасын айқындауға көмектеседі.
Сапар барысында министрге жұмыста қолданылатын заманауи жабдықтар да көрсетілді. Құрал-жабдықтардың бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен, енді бір бөлігі демеушілердің қолдауымен алынған. Атап айтқанда, станция жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған кювезбен және реаниматологтарға қажетті қышқыл-сілтілік талдау жүргізетін анализатормен қамтамасыз етілген.
Сапар өңірдегі жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейін және ұйымдастырылуын бағалауға, сондай-ақ оны одан әрі дамыту бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, Акмарал Альназарова жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесу өткізіп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің жұмысымен танысты және медициналық ұжымдармен жүздесті.


@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя