Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Соңғы үш тәулікте Павлодардың жедел медициналық жәрдем қызметі сегіз жол-көлік оқиғасына қызмет көрсетті
18-05-2026 10:33
 
 
Зардап шеккендер болған барлық жол-көлік оқиғалары облыс орталығында тіркелді.
 
15 мамыр, жұма күні медицина қызметкерлерінің араласуын қажет еткен бірден алты жол апаты орын алды. Ал 16 мамыр, сенбі күні «103» қызметінің мамандары тағы екі жол-көлік оқиғасына шақырылған.
 
Ең алдымен, медицина қызметкерлерін балалар зардап шеккен жағдайлар алаңдатып отыр. Мәселен, 15 мамыр күні күндіз Торайғыров көшесінде автокөлік жүргізушісі 13 жастағы қызды қағып кеткен. Сан және шынтақ буынының жұмсақ тіндері жарақаттанған жаяу жүргінші облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.
 
Сол күні кешкі уақытта Академик Сәтбаев көшесінде автокөлік пен электрсамокаттың соқтығысуы орын алды. Оқиға салдарынан 2010 жылы туған жасөспірім бала зардап шекті. Жеңіл жарақат алған жасөспірім анасының еріп жүруімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
 
16 мамыр күні түске қарай Лермонтов – Академик Бектұров көшелерінің қиылысында автокөлік жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып кеткен. Арада көп уақыт өтпей Академик Сәтбаев – Лермонтов көшелері қиылысында велосипедпен келе жатқан 13 жастағы баланы көлік қағып кетті. Екі жағдайда да балалар облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.
 
– Күннің жылынуымен балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны дәстүрлі түрде артады. Бұл статистика бізді қатты алаңдатады, – дейді Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Ата-аналардан балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып отыруды сұраймыз. Қауіпсіздік туралы жай ғана айтып қоймай, нақты жағдайларды түсіндіру маңызды: жолды қалай дұрыс кесіп өту керек, велосипед пен самокатты қай жерде тебуге болады, ал қай жерде бұл өмірге аса қауіпті екенін бала білуі тиіс. Егер бала велосипедті немесе жеке мобильділік құралдарын пайдаланса, оған міндетті түрде қорғаныс жабдықтары мен жарық шағылыстыратын элементтер алып беру қажет.
 
Медицина қызметкерлері жүргізушілерді жолда, аулаларда және балалар алаңдарының маңында барынша мұқият болуға шақырады. Жылдамдық режимін қатаң сақтау және көлік тізгінінде барынша зейінді болу қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.