Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодарлық 103 қызметкерлері реанимобильде босандыру қабылдап алды
28-05-2026 15:40
 
Қазіргі уақытта босанған әйел мен нәрестенің жағдайы жақсы.
 
26 мамыр күні Ақсу қаласының маңындағы Береке ауылынан жедел жәрдем пультіне шұғыл шақырту келіп түсті. Хабарласушылар 35 жастағы жүкті әйелдің толғағы жиілеп кеткенін айтқан. Медициналық бригада жолда келе жатқанда, диспетчер телефон байланысын үзбей, босанушының жанындағы адамдарға алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқау беріп отырған.
 
Шақыртудан кейін 10 минут ішінде 103 қызметкерлері оқиға орнына жетті. Әйелді Ақсу қалалық ауруханасының перзентхана бөліміне жеткізу туралы шешім қабылданып, медициналық мекемеге алдын ала хабар берілген. Алайда босандыруды жол үстінде қабылдауға тура келді. Дүниеге салмағы 3,5 келі, бойы 52 сантиметр болатын мерзімінде туған қыз бала келді. Медицина қызметкерлері жылу тізбегін сақтап, босанған әйел мен жаңа туған нәрестені тұрақты жағдайда мамандардың бақылауына тапсырды.
 
– Босандыруды қабылдау және өзге де шұғыл медициналық көмек көрсету Павлодар облыстық 103 қызметінің кез келген медицина қызметкерінің қолынан келеді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. – Ол үшін біздің станция базасында халықаралық стандарттарға сәйкес, сертификатталған тренерлер мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мамандарын тарта отырып, тұрақты түрде оқыту курстары өткізіледі. Бұл курстардан жедел жәрдем қызметінің барлық қызметкерлері – дәрігерлер де, фельдшерлер де өтеді.