Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Ер адамды Ертіс жағасында ажалдан құтқарып қалды
08-06-2026 09:24
Ер адамды Ертіс жағасында ажалдан құтқарып қалды
 
Судан ес-түссіз күйде шығарылған науқасқа сәтті жүрек-өкпе реанимациясы жасалды.
 
Оқиға 6 маусым күні Подстепное ауылындағы Ертіс өзенінің жағасында болған. Өзенге батып кете жаздаған ер адамға көмек қажет екені туралы хабарлама 103 қызметінің диспетчерлік пультіне кешкі сағат 19:00 шамасында түсті. Оқиға орнына барған медицина қызметкерлері 1961 жылы туған азаматты судан куәгерлердің шығарып алғанын анықтады. Сондай-ақ олар зардап шегушіге дер кезінде жүрек-өкпе реанимациясын жасап, оның өмірін сақтап қалды.
 
– Науқастың есі кірген, алайда қатты абыржып тұрған еді, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. – Ол тұрақты жағдайда облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Ер адамға көмекке келген барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл жағдай судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың, әсіресе шомылу маусымында, қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет еске салады. Мас күйінде ашық су айдындарына түсуге қатаң тыйым салынады, өйткені алкоголь өзін-өзі сақтау инстинктін әлсіретіп, қимыл-қозғалыс үйлесімін бұзады және көбіне аяқ-қолдың тартылуына әкеледі. Демалу үшін құтқарушылар кезекшілік ететін рұқсат етілген жағажайларды ғана таңдаған жөн. Судағы бір сәттік немқұрайлылық адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан өздеріңізді және жақындарыңызды сақ болуға шақырамыз.
 
Сонымен қатар, өткен демалыс күндері Павлодар облысының 103 қызметінің мамандары тағы бір үй жағдайындағы босануды қабылдады. 7 маусым күні сағат 13:00 шамасында жедел жәрдем пультіне 31 жастағы жүкті әйелдің толғағы күшейіп, қағанақ суы кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Нәтижесінде салмағы шамамен 3,5 келі, бойы 53 сантиметр болатын ұл бала дүниеге келді. Медицина қызметкерлері нәрестені сүртіп, дене жылуын сақтау үшін жылы көрпеге орады. Анасы мен жаңа туған сәби алдын ала қабылдау бөлімін хабардар ете отырып, тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.