Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Демалыс күндері Павлодар облысында 103 қызметіне түскен шақыртулар саны 20%-ға артты**
13-07-2026 08:58
 
 
Егер қалыпты жағдайда Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мамандары тәулігіне орта есеппен 650 шақыртуға қызмет көрсетсе, өткен демалыс күндері олардың саны тәулігіне 800-ге жуықтады. Соған қарамастан, әрбір шақыртуға жедел ден қою деңгейі жоғары күйінде сақталды.
 
Жаз мезгілінде балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына байланысты шақыртулар саны артады. Мәселен, 10 шілде күні Павлодар қаласының маңындағы Теміржолшылар кентінде скутер жүргізушісі 12 жастағы баланы қағып кеткен. Әртүрлі дене жарақаттарын алған бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
 
11 шілде күні облыс орталығынан 103 диспетчерлік қызметіне осындай тағы екі шақырту келіп түсті. Бірінші жағдайда академик Шөкин көшесінде автокөлік қағып кеткен 2008 жылы туған қыз бала зардап шекті. Екінші жағдайда Ресей және Щедрин көшелерінің қиылысында 2012 жылы туған ұл бала жарақат алды. Екі бала да облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
 
– Жаз мезгілінде балалар уақыттарының көп бөлігін далада өткізеді. Велосипедпен, самокатпен жүргенде немесе жолдан жүгіріп өткен кезде сақтықты жиі ұмытып кетеді, – дейді Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Ата-аналардан балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі еске салып отыруды сұраймыз. Тіпті аула ішінде де жолға кенеттен жүгіріп шығуға болмайды. Жолдан тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтіп, велосипедтен немесе самокаттан міндетті түрде түсу қажет. Сондай-ақ баланың киімінде жарық қайтаратын элементтердің болғаны жөн. Сонымен қатар жүргізушілерге де үндеу жасағым келеді: балалар алаңдарының, мектептердің, саябақтардың және тұрғын аймақтардың маңында жылдамдықты төмендетіңіздер. Баланың жолдағы әрекеті әрдайым болжап болмайтынын есте сақтаңыздар. Рөлдегі бір сәттік назарсыздық біреудің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
 
Өткен демалыс күндері 103 қызметінің мамандары суға бату оқиғасына байланысты да шақыртуға шықты. Қызылжар ауылы маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында өтіп бара жатқан азамат 2020 жылы туған баланы судан шығарып алған. Тыныс жеткіліксіздігі жағдайындағы бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.