Өткен демалыс күндері Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Бейсенбі күні 687 шақырту тіркелсе, жексенбіде олардың саны 806-ға жетті.
Ең елеулі оқиғалардың қатарында:
Баянауылда әйел суға батып кете жаздады. 1 тамыз күні Баянауылдың курорттық аймағында 57 жастағы әйел көлге шомылып жүріп, су жұтып, батып кете жаздаған. Оны жағалауға жұбайы алып шыққан. Жедел жәрдем бригадасы шақырту түскеннен кейін 9 минут ішінде оқиға орнына жетіп, қажетті медициналық көмек көрсетті. Жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, дер кезінде көрсетілген көмек қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік берген. Дәрігерлер азаматтарды тек арнайы жабдықталған жерлерде шомылуға, мас күйінде суға түспеуге, өз күшін асыра бағаламауға және балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға шақырады.
Екібастұз – Павлодар тас жолында ірі жол-көлік оқиғасы болды. 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні Екібастұз қаласынан шамамен 20 шақырым жерде жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, автокөлік жол жиегіндегі кюветке аударылған. Оқиға орнына үш жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Апат салдарынан тоғыз адам зардап шекті, олардың алтауы – кәмелетке толмаған балалар. 1985 жылы туған бір ер адам медициналық тексеруден бас тартты. Қалған сегіз адам – 1983 жылы туған әйел, 1989 жылы туған ер адам, 4 және 11 жастағы екі ұл, сондай-ақ 4, 10, 12 және 16 жастағы төрт қыз түрлі жарақаттармен Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер жүргізушілерді, әсіресе жолаушыларды тасымалдау кезінде, жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырды. Олардың айтуынша, жолдағы кез келген күрт маневр, жүргізушінің шаршауы немесе назардың бөлінуі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Жолдағы қауіпсіздік пен адам өмірінің сақталуы ең алдымен жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты.
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя