Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодарлық медицина қызметкерлері жедел медициналық жәрдем бригадалары чемпионатының жүлдегерлері атанды
31-08-2026 16:39
Павлодарлық медицина қызметкерлері жедел медициналық жәрдем бригадалары чемпионатының жүлдегерлері атанды
 
 
Павлодар облыстық 103 станциясының өкілдері Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан медицина қызметкерлері қатысқан жарыста үшінші орынға ие болды.
 
27-29 тамыз аралығында Жамбыл облысында жедел медициналық жәрдем бригадалары арасында II республикалық чемпионат өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен медициналық бригадалар, сондай-ақ Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның 103 қызметінің өкілдерінен құралған 27 команда қатысты. Кәсіби жарысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және Қазақстан Республикасының Жедел медициналық жәрдем қауымдастығы ұйымдастырды.
 
Үш күн бойы чемпионат қатысушылары практикалық сынақтардан өтіп, онда олардың білімі, шешім қабылдау жылдамдығы және шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі жеделдігі бағаланды. Медицина қызметкерлері ересектерге кеңейтілген реанимациялық көмек көрсету, балалар мен жасөспірімдерге шұғыл көмек көрсету, босандыру және жаңа туған нәрестелерге реанимациялық көмек көрсету, жарақаттар кезінде ауруханаға дейінгі медициналық көмек көрсету, сондай-ақ пациенттерді медициналық сұрыптау бойынша өз дағдыларын көрсетті. Жарыс жедел медициналық жәрдем мамандарының кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, түрлі клиникалық жағдайларда медициналық бригадалардың жұмысқа дайындығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан мен шетел мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталды.
 
Чемпионатта Павлодар облысының намысын төрт маман қорғады: Ақсу қаласындағы 103 қосалқы станциясының меңгерушісі Назира Баймұқашева, дәрігер Шейхислам Құрманғалиев, фельдшерлер Алмат Шақанов және Сания Манапова. Кәсіби дайындығы мен іс-қимылдарының үйлесімділігінің арқасында павлодарлық команда үшінші орынға ие болды.
 
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, мұндай кәсіби жарыстарда бәсекелестік жыл сайын артып, сынақ сценарийлері күрделене түсуде және нақты төтенше жағдайларға барған сайын жақындай түсуде. Халықаралық деңгейдегі бұл марапат – павлодарлық 103 қызметінің жетістіктер қоржынына қосылған кезекті жүлде ғана емес, сонымен қатар өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығы өз ісінің нағыз шеберлерінің қолында екенінің айқын дәлелі.