Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Үй жағдайындағы босану және биіктіктен құлау: павлодарлық 103 қызметі үшін демалыс күндері қалай өтті
07-09-2026 16:23
 
Демалыс күндері облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына түсетін жүктеме дәстүрлі түрде артты. Егер жұма күні медицина қызметкерлері 646 шақыртуға қызмет көрсетсе, жексенбі күні бұл көрсеткіш 834-ке жетті.
6 қыркүйек күні 103 пультіне үй жағдайында босануға байланысты шақырту түсті. Екібастұз қаласының 34 жастағы тұрғыны жүктіліктің 40-шы аптасында болған. Оның қағанақ суы кетіп, толғақ басталған. Медициналық бригада жолда келе жатқан кезде, жедел медициналық жәрдем диспетчері қоңырауды үзбей ұстап, босанушы әйелдің жанында болған адамдарға қажетті нұсқаулар берді. Шақырту түскеннен кейін 7 минуттан соң медицина қызметкерлері оқиға орнына жетті. Салмағы шамамен 3,2 килограмм, бойы 51 сантиметр қыз дүниеге келді. Анасы мен сәбиі де тұрақты жағдайда қабылдау бөлімшесіне алдын ала хабар беріліп, жергілікті перзентханаға жеткізілді.
– Медициналық мекеме қабырғасынан тыс жерде босану, тіпті көзге көрінетін асқынуларсыз өтіп жатқан жағдайда да, ана мен бала үшін көптеген қауіп-қатерді тудырады, – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Үй жағдайында асқынулар туындаған кезде білікті медициналық көмек көрсету іс жүзінде мүмкін емес. Оның үстіне, үй жағдайында босану кезінде қажетті стерильділікті әрдайым қамтамасыз ету мүмкін бола бермейді. Сондықтан болашақ аналарды өз денсаулығы мен сәбиінің өміріне қауіп төндірмей, босану процесін мамандандырылған стационардағы кәсіби мамандарға сеніп тапсыруға шақырамыз.
Сол күні 103 қызметінің өкілдері биіктіктен құлауға байланысты бірден екі оқиғаға шықты. Бірінші жағдай Ертіс ауылында тіркелді. 32 жастағы ер адам шатырды жөндеу жұмыстары кезінде құлап, тобық сүйегінің жабық сынығын алған. Зардап шеккен азамат Ертіс аудандық ауруханасына жеткізілді.
Екінші жағдай Маралды ауылында орын алды. 9 жастағы бала шамамен 2 метр биіктіктегі шөп маясына шығып, одан құлап кеткен. Әртүрлі жарақаттар алған бала анасының сүйемелдеуімен балалар облыстық ауруханасына жеткізілді.
Жедел медициналық жәрдем станциясының медицина қызметкерлері құрылыс және тұрмыстық жұмыстарды биіктікте орындау кезінде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтап, сақтандыру жабдықтарын пайдаланудың маңыздылығын еске салады. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Оларды шөп маяларының, ашық терезелердің, баспалдақтардың және басқа да ықтимал қауіпті нысандардың жанында қараусыз қалдырмаңыздар.