Өткен жұма, сенбі және жексенбі күндері облыстық 103 станциясы жалпы алғанда 2,2 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетті.
Жедел жәрдем жұмылдырылған апаттардың бірі 11 қыркүйекте Екібастұзға кіреберістегі стеланың жанында болды. Залал шеккендердің арасында 9 жасар қыз бен 10 жасар ұл бала бар. Екеуі де Екібастұз қалалық ауруханасының травматологиялық пунктіне жеткізілді. ЖКО-ның тағы бір қатысушысы - 26 жастағы жас жігіт - медициналық тексеруден бас тартты.
Сол күні Ақсу мен Қалқаман арасындағы тасжолда автомобиль сиырмен соқтығысты. Көмекке сол маңнан өтіп бара жатып, алда келе жатқан көліктің жануармен соқтығысқанын байқаған 103 медиктері келді. Апат салдарынан екі адам зардап шекті: 56 жастағы ер адам және 24 жастағы бойжеткен. Екеуі де Ақсу қалалық ауруханасының қабылдау бөлмесіне тасымалданды.
- Күзде жол апаттарының қаупі едәуір артады: күннің жарық уақыты қысқарады, тұман салдарынан көріну нашарлайды, ал ауылдық елді мекендер аумағындағы тасжолдарда үй жануарларының белсенділігі артады, - дейді Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. - Осыған байланысты біз барлық жүргізушілерден жылдамдық режимін қатаң сақтауды, әсіресе ауыл ішіндегі жолдарда және ауыл шаруашылығы жерлерінің жанында абай болуды, кілт маневр жасамауды және балалардың жолдағы қауіпсіздігін міндетті түрде бақылауды өтінеміз. Назардың бір секундқа тайқып кетуі адам өмірін қиюы мүмкін.