Қуанышқа орай, жол-көлік оқиғаларының ешқайсысында адам өлімі тіркелген жоқ.
30 қазан күні күндіз жедел жәрдем қызметінің пультіне Набережное ауылында екі автокөліктің соқтығысқаны туралы хабарлама түсті. Жол апатынан 27 және 39 жастағы екі әйел зардап шекті. Әртүрлі дене жарақаттарын алған олар Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Сол күні кешке Екібастұз бен Солнечный кенті арасындағы тасжолда да көліктер соқтығысты. Оқиға орнында медициналық тексеруден өткен 26 жастағы ер адам ауруханаға жатудан бас тартты.
31 қазан күні таңертең Екібастұз қаласында тағы бір көлік соқтығысу оқиғасы тіркелді. Медициналық көмек 30 жастағы әйелге қажет болды. Ол түрлі дене жарақаттары мен сүйек сынықтарын алған. Зардап шеккен әйел Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.
Сол күні Таволжан ауылының маңында жеңіл автокөлік жол жиегіндегі орға түсіп кеткен. 1981 жылы туған әйелге медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол ауруханаға жатудан бас тартты.
Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, аталған шақыртулардың барлығына медициналық бригадалар 5-9 минут аралығында жеткен.
«Біздің медициналық бригадалар жедел әрекет етеді. Дегенмен жолдағы басты қорғаныс — алдын алу шаралары. Барлық жүргізушілерді жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, ауа райы жағдайын ескеруге және қауіпті маневрлерден бас тартуға шақырамыз. Өйткені жол қозғалысы ережелерін сақтау денсаулықты қорғайды және адам өмірін сақтап қалады», — деді Ирина Мищенко.