Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
«Шын жүректен – Алғашқы көмек» акциясы
Дата: 2016-09-28 07:07:52
2016 жылғы сәуір айында Қазақстан Халықтар Ассамблеясы мен «Қазақстан» телеарнасының қосылып ұйымдастырған үш күндік «Шын жүректен» телемарафоны әр түрлі себептермен көмекке мұқтаж адамдарға үлкен қолдау болды. Бірі ақшалай көмек болса, енді біріне шет елге емделуге қаражат бөлініп, кейбір мүгедек жандардың қарапайым арманының орындалуына көмектесіп жатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша қазан айының 1-жұлдызынан бастап телемарафон ары қарай жалғасын таппақ. Осы телемарафон аясында Республикамыздағы денсаулық сақтау салалары да қалыс қалған жоқ. Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де өз қалауларынша қаржылай көмек көрсетіп жатты. Сонымен қатар Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен барлық аудандарда «Шын жүректен – Алғашқы көмек» атты шаралар өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты қарапайым халыққа, әр түрлі жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету болып табылады. Аудандық аурухана қызметкерлері де осы шараны қолдап 20-21 қыркүйек аралығында Абай және Қайырбаев орта мектептерінің 9-11 сынып оқушылары мен ұстаздары арасында «Шын жүректен – Алғашқы көмек» шараларын өткізді. Онда хирургия кабинетінің медбикесі Қ.Қ.Бабыкова жарақаттану, күйік шалу кезінде, терапия бөлімінің медбикесі Р.С. Ахметулина бату кезінде, ал жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері М.Қ. Алдамжарова жедел жүрек аурулары, талмалары кезінде қалай алғашқы көмек көрсету керектігі туралы айтып, мастер-кластар көрсетті. Бұндай ақпаратқа оқушылар да, үлкендер де қызығушылықтарын танытты. Шара барысында көптеген сұрақтар қойылып оларға білікті дәрігер Г.А. Рақымжанова түсіндірме берді.