
Президент облыстық перинаталдық орталықтың анестезиолог-реаниматолог дәрігерін құттықтады
Облыстық перинаталдық орталықтың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Сергей Новичевский Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атанды.
Күні бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық медицинаның үздік өкілдерін салтанатты түрде құттықтады. Президент дәрігерлердің еңбегін атап өтіп, оларды ұлт денсаулығының ұландары деп атады.
«Біз сіздердің қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және қайсарлығыңызды мақтан тұтамыз. «Бір адамның өмірін сақтап қалу - бүкіл адамзатты құтқарумен пара-пар.» Дәрігерлер күн сайын - операция кезінде, аурухана палаталарында нағыз ерлік жасайды. Науқастардың өмірі үшін күрес жағдайлары жиі кездеседі. Сіздер нағыз қаһарман деген атаққа лайықсыздар. Барлық медициналық қызметкерлерге алғыс айтамын», - деді.
Салтанатты қабылдау барысында Президент бірқатар мемлекеттік наградаларды табыс етті. Марапатталғандардың қатарында №1 Павлодар облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Сергей Новичевский де болды. Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын берді.
Сергей Львовичті кіші отанында тосын сый күтіп тұрды. Директор Гүлнар Бұратаева бастаған перинаталдық орталық ұжымы әріптесін гүл шоқтары мен сыйлықтармен қарсы алды.
– Бұл марапатты Сергей Львовичтің қоғам игілігі жолындағы жанқиярлық еңбегіне берілген лайықты баға деп білемін, – дейді Гүлнар Бұратавева. - Біз 30 жылдан астам бірге жұмыс істеп келеміз. Ол тамаша адам, адал жолдас және жоғары білікті маман. Сергей Львовичтің жауапкершілігі жоғары. Ол жаңа құралдар мен препараттардың дамуы туралы үнемі хабардар маман.
Гүлнар Бұратаева құрмет белгісі ретінде медаль иегері иығына құрметті шапан жапты. Өз кезегінде Сергей Новичевский қолдау көрсеткен әріптестеріне алғысын білдірді.
- Мен қазіргі заманғы медицина, сайып келгенде, жақсы үйлестірілген командалық жұмыс екенін және түпкілікті нәтиже ұжымның нақты жұмысына байланысты екенін бірнеше рет атап өттім. Сондықтан, біреудің қол жеткізген жетістіктері әрқашан ұжымдық жеңіс. Кез келген марапаттың артында ондаған, тіпті жүздеген адамдар тұрады. Осы жолы да менің атағымның арғы жағында сіз – біздің облыстық перинаталдық орталықтың ұжымы тұр, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері.
Сергей Новичевский 1988 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын «Анестезиология және реанимация» мамандығы бойынша бітірген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының акушерлік ісі жөніндегі бас анестезиолог-реаниматолог дәрігері.