
Облыстық перинаталдық орталықта босанғаннан кейінгі қан кетудің алдын алу және шұғыл көмек көрсету тақырыбында маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Мастер-класс барысында мамандар пневматикалық емес қарсышоктық киім – NASG қолдану тәсілдерін үйренді.
Сабақты Астана қаласындағы University Medical Centre әйелдер денсаулығы клиникалық академиялық департаментінің директоры, профессор Гаури Бапаева жүргізді. Ол халықаралық тәжірибемен бөлісіп, акушерлік қан кету жағдайларындағы заманауи жедел жәрдем әдістерін таныстырды.
Мастер-классқа қатысқан дәрігерлер мен акушерлер жаңа білім алып қана қоймай, арнайы сертификаттарға ие болды.
Бұл шара – өңірлік медицина мамандары үшін кәсіби тәжірибені жетілдіруге, ал ең бастысы – аналардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.